Атырауда үш күн қамыс өртеніп, тұрғындардың алаңдаушылығын білдірген болатын. Осы ретте, біз атыраулық ардагер геолог Нұрлы Әйтиеваның пікірін білуге асықтық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Атыраудағы қамыс өрті – табиғи құбылыс, - дейді ол бізбен әңгімесінде. Сондықтан ондай өрт Каспий теңізінің табанында орналасқан өзге елдерде де орын алып тұрады. Ал, шын мәнінде сол өрт болып жатқан жерге жақындаудың өзі адам баласына үлкен өауіп туғызуда. Соған қарамастан біздің аймақ басшысы Серік Шәпкенов бастаған атыраулық жауапты мамандар мен өрт сөндірушілер және басқа да тиісті қызмет өкілдері – барлығы да жергілікті тұрғындар таза ауамен тыныстасын деген ниетпен отбасыларын үйде қалдырып, күні-түні сол қауіп ошағында жүр. Ал, оалрдың арасында түтінге аллергиясы бар немесе жоғары қан қысымы бар адамдар да бар ғой. Бірақ, мұны олар сылтау етіп үйлерінде жатқан жоқ, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда. Ендеше, олар да біздің тарапымыздан ерекше құрмет пен түсіністікті қажет етеді.
Мен осында туып-өскен адаммын. Сондықтан бұл жер маған оттан да ыстық. Мәселен, дәл қазір далада бүгін жаңбыр жауды. Міне, осының өзі әр қиындықтың артында өзінің бір жеңілдігі болады дегенді үнсіз ұқтырғандай болды. Тек Атырау жұрты сабырлық сақтап, төзімділік пен табандылық танытып, мамандардың өз қызметін тиісті деңгейде алаңсыз атқаруына атсалысса екен деймін.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ