Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың Атырау облысына сапары барысында “Шапағат” деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының жұмысымен арнайы танысуы – мемлекет тарапынан бұл мәселеге ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді. Бүгінгі таңда радикалды идеологиямен күрес – қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін аса маңызды бағыт. Осы тұрғыдан алғанда, “Шапағат” орталығының атқарып отырған жұмысы орасан зор.
Бұл орталық көп жылдан бері белгілі бір контингентпен жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Жұмыстың күрделілігіне қарамастан, мұнда қызмет ететін теолог мамандар жоғары кәсіби деңгейімен, жан-жақты білімділігімен және адами ұстанымымен ерекшеленеді. Әрбір адаммен жеке сөйлесіп, оның мәселесін түсініп, дұрыс бағыт берудің өзі – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Теріс ағымдардың ықпалына түскен азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу – тек теологиялық білім ғана емес, өмірлік тәжірибе мен үлкен сабырлылықты қажет етеді. Осы тұрғыда “Шапағат” мамандары өз ісіне адал нағыз кәсіби мамандар деп толық айта аламын.
Вице-министрдің орталықпен жақын танысуы – бұл ұйымның қоғамдағы рөлін мойындаудың бір белгісі. Мемлекеттік деңгейдегі қолдау мен назар дерадикализация бағытындағы жұмысты одан әрі күшейтуге зор серпін береді. Өйткені радикализмге қарсы күрес – бір мекеменің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл жерде “Шапағат” секілді орталықтардың тәжірибесі өте құнды.
Біз, ардагерлер, елдің тыныштығы мен бірлігін бірінші орынға қоямыз. Жастарымыздың теріс ағымдардың жетегіне еріп кетпеуі үшін осындай орталықтардың жұмыстарын қолдау маңызды. “Шапағат” – адам тағдырына бейжай қарамайтын, қоғам игілігі үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ұйым. Сондықтан осындай орталықтардың жұмысын кеңейту, мамандарын қолдау – мемлекет үшін де, қоғам үшін де аса қажет.
Ғаділхан Қалиев,
еңбек ардагері