Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол қауіпсіздігіне қатысты айтқан сөздері өте орынды деп санаймын. Себебі, бүгінде елімізде көлік апаттарының азаймай отырғаны бәрімізге алаң туғызады. Бұл тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де өзекті мәселе. Мысалы, біздің Мақат ауданында, соның ішінде Доссор кентінде де жол ережесін сақтамау, жылдамдықты асыру немесе жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Мұның бәрі салғырттық пен жауапсыздықтан туындайды. Президент дұрыс айтты — әрбір жүргізуші өз өміріне ғана емес, айналасындағылардың да қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі керек.
Соңғы жылдары тағы бір өзекті тақырып — электросамокаттар мәселесі. Бұрын ондай көліктерді сирек көретін едік, ал қазір ауылдарда да балалар мен жастар самокат тізгіндеп жүреді. Бір жағынан, экологиялық таза әрі ыңғайлы көлік құралы. Бірақ екінші жағынан — қауіпсіздік ережесі сақталмаса, ол да үлкен қауіп көзіне айналады. Жаяу жүргіншілер жолында немесе тар көшелерде самокатпен жүйткіген жастар көбейіп кетті. Кейде тіпті кішкентай балалардың өзі үлкендердің қарауынсыз мініп жүреді. Бұл өте қауіпті.
Меніңше, ең алдымен ата-аналар өз балаларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолда өзін ұстау мәдениетін үйретуі керек. Ал жергілікті билік пен полиция тарапынан да бақылау күшеюі тиіс. Самокат мінгендерге арналған арнайы жолақтар, белгілер орнатылса, түнде жарық шағылыстыратын киім кию міндеттелсе, жарақат алу немесе қайғылы жағдайлар азаяр еді.
Президенттің “Қауіпсіз Қазақстан” туралы бастамасы — бәрімізге ортақ міндет. Бұл тек заңмен емес, әрбір азаматтың санасымен, тәртібімен қалыптасады. Егер әркім жолда жауапкершілік танытса, тәртіп сақталса, апат саны да азаяды. Ең бастысы — адам өмірінен артық ештеңе жоқ екенін ұмытпауымыз керек.
Амангүл Тоқсанова,
Доссор кентінің тұрғыны