Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамытуға бағытталған реформалары елдің шынайы жаңғыру жолындағы маңызды бетбұрысы деп білемін. Мемлекет басшысы ұсынған жүйелілік, ауқымдылық және кезеңділік қағидалары — бүгінгі Қазақстанның даму философиясын айқындайтын негізгі бағыттар. Себебі, өңірлердің әлеуметтік және экономикалық жағдайы тең болмаса, елдің тұтас дамуы туралы айту қиын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орталықтандырылған басқару жүйесі елді біріктіру, мемлекеттің негізін нығайту үшін қажет болды. Алайда уақыт өткен сайын бұл жүйе өңірлердің өздігінен даму мүмкіндігін тежей бастады. Сондықтан Президент Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған орталықсыздандыру мен өңірлерге нақты өкілеттік беру — уақыт талабынан туған дұрыс шешім. Бүгінде ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайту, шалғай аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру — ең өзекті мәселе. Осы тұрғыдан қарағанда, «Ауыл – ел бесігі», «Қуатты өңір – қуатты ел» бастамаларының жалғасы болып отырған реформалар ауылдағы өмірді жаңғыртудың нақты тетігіне айналып отыр. Мысалы, Индер сияқты шалғай аудандарда жол, су, интернет, білім мен медицина салаларында айтарлықтай өзгерістер байқалуда. Бұның барлығы Президенттің теңгерімді аумақтық даму саясатының нақты нәтижесі. Маған ұнайтыны – бұл реформаларда асығыстық жоқ. Мәулен Әшімбаев айтқандай, Президент «ширатылған жіпті біртіндеп тарқатуды» таңдады. Яғни, мәселенің түбіріне үңіліп, оны жүйелі түрде шешуге бағытталған эволюциялық тәсіл қолданылады. Бұл тұрақтылықты қамтамасыз етеді және реформалардың өміршеңдігін арттырады. Халықтың өзі өмір сүріп отырған өңірдің дамуына қатысуы, жергілікті шешім қабылдау процесіне тартылуы — демократиялық қоғамның нақты белгісі. Енді ауылдың, ауданның келешегі сол өңірдің тұрғындарының белсенділігіне де байланысты болады. Сондықтан мен Мемлекет басшысының өңірлік саясаттағы бұл қадамдарын ел болашағына жасалған ұзақ мерзімді инвестиция деп есептеймін. Осындай жүйелі реформалар арқылы Қазақстанның әр өңірі өзінің әлеуетін толық пайдаланып, елдің экономикалық және әлеуметтік қуатын арттырады деп сенемін.
Президент «ширатылған жіпті біртіндеп тарқатуды» таңдады