«Орталық Азия – Қытай» саммиті аясындағы бүгінгі форум аймақтар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті. Әсіресе экология, технология және білім салаларында бірлесіп әрекет ету қажет екені айқын байқалды. Қабылданған Алматы хартиясы – жасыл энергетика мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастыққа жасалған нақты қадам.
ҚазҰУ алаңында академиктердің ІІ халықаралық форумы өтті, онда Алматы хартиясына қол қойылды. Бұл келісім жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, озық технологиялармен алмасуға, сондай-ақ ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталған. Мұнда тек ірі университеттер ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындары да белсенді қатысуы маңызды. Тек осылай ғана білім мен тәжірибе шынайы түрде бірігеді.
Біздің университет бірқатар бірлескен жобаларға қатысып келеді – цифрлық зертханалар құрудан бастап, IT және жасыл технологиялар саласындағы стартаптарды іске қосуға дейін. Бұл – жай идеялар емес, жастарға нақты мүмкіндіктер беретін нақты қадамдар.
Сайып келгенде, болашақ – білім арқылы қалыптасады. Егер біз еліміздегі барлық студенттердің бәсекеге қабілетті болғанын, жаһандық сын-қатерлерге жауап таба алатын тұлға ретінде қалыптасуын қаласақ – ынтымақтастыққа басымдық беруіміз керек. Мұндай саммиттер бағыт-бағдар береді, ал идеяларды жүзеге асыру – университеттер, оқытушылар мен студенттердің қолында.
Қанат Ауесбай,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі