Мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп, жеке кәсіпорындардың толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтқан бұл мәлімдемесі еліміздегі экономикалық басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Соңғы жылдары мемлекеттік сектордың шамадан тыс ұлғаюы мен түрлі ұйымдар мен компаниялардың негізсіз құрылуы жеке бизнестің дамуына айтарлықтай тежеу болып отыр.
Мемлекет басшысы көтерген мәселе өте орынды. Бүгінде мемлекеттік қатысуы бар компаниялар мен ұйымдардың санының шамадан тыс көп болуы — нарықтағы тепе-теңдікті бұзып отыр. Мұндай құрылымдар кей жағдайда жеке сектордың бастамаларына кедергі келтіреді, бәсекелестік орта әлсірейді. Соның салдарынан кәсіпкерлік белсенділік төмендеп, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі баяу өсуде.
Бұл жағдайдың басты себебі — мемлекеттік ұйымдардың нақты функциялары мен міндеттерінің анықталмауында. Көптеген квазимемлекеттік құрылымдар бастапқы мақсатынан ауытқып, коммерциялық бағытта жұмыс істеп кеткен. Бұл — заң тұрғысынан да, экономикалық тиімділік тұрғысынан да дұрыс емес.
«Мемлекеттік мүлік туралы» заңды жаңарту — уақыт талабы. Заңда мемлекеттің экономикаға араласу шегі, сондай-ақ мемлекеттік активтерді басқарудың ашық және тиімді тетіктері нақты жазылуы керек. Бұл — мемлекеттің рөлін шектеу емес, керісінше, оны стратегиялық бағытта күшейтудің жолы. Егер әр мемлекеттік ұйым өз функциясын айқын білсе, ал жеке бизнес еркін дамуға мүмкіндік алса, экономикадағы тепе-теңдік қалпына келеді.
Мемлекеттік секторды реформалау кезінде ашықтық пен жауапкершілік қағидаттары бірінші кезекте сақталуы тиіс. Реформаның басты мақсаты — артық құрылымдарды қысқартып, тиімді жұмыс істейтін, қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет ететін ұйымдарды ғана қалдыру. Бұл бағытта құқықтық нормалар нақты және орындалуы міндетті болуы қажет. Мемлекеттік сектордағы артық бюрократия мен қайталанатын функцияларды жою — экономиканың жаңғыруына жол ашады.
Әйкен Шамилханқызы,
атыраулық заңгер