Мақсатсыз жұмсалған жерлерді қайтару – орынды талап

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткен ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, цифрландыру және мониторинг жүйесін күшейту – бүгінде елдің агросаласын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық қадам. Әсіресе, жасанды интеллект пен спутниктік бақылауды пайдалану жөніндегі бастама – ауыл шаруашылығы үшін үлкен серпіліс.

Бизнес өкілі ретінде айтарым, қазіргі таңда жер ресурстарын басқарудағы негізгі мәселенің бірі – нақты әрі жедел ақпараттың жетіспеушілігі. Космомониторинг пен геоаналитика бұл тапшылықты айтарлықтай азайтып отыр, бірақ жасанды интеллект енгізілгенде олардың әлеуеті бірнеше есе артады. Мысалы, AI жердің құнарлылығын автоматты бағалап, егіннің шығымын болжауға, тіпті дақылдардың ауруларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл фермерлерге шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға жағдай жасайды.

Президент атап өткендей, пайдаланылмай жатқан немесе мақсатсыз жұмсалған жерлерді қайтару – орынды талап. Атырау облысы үшін де бұл өзекті мәселе. Жерді тиімді игеретін азаматтарға беру, оны нақты өндіріс ошағына айналдыру – өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Осы тұрғыда жерді бөлу процесінің толық цифрлық форматқа көшуі – ашықтық пен әділдік кепілі.

Сондай-ақ орман және жайылым ресурстарының да спутниктік мониторинг арқылы бақылауда болуы – экологиялық қауіпсіздік пен дұрыс жер пайдаланудың негізі. Жердің бірыңғай цифрлық картасының жасалуы бизнеске де үлкен жеңілдік әкеледі: инфрақұрылым, коммуникация, геология, кадастр деректерін бір платформадан көру — инвестициялық шешім қабылдауды жеделдетеді.

Қорытындылай келе, Президент ұсынған бұл шаралар – ауыл шаруашылығының жаңа цифрлық дәуірге өтуіне жол ашатын өте маңызды қадам. Мемлекеттік сектор мен бизнес осы бағытта күш біріктірсе, Қазақстан аграрлық технологиялар бойынша өңірлік көшбасшыға айнала алады.

Марат Құрмашов,

атыраулық кәсіпкер