Жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, есірткі қылмысының алдын алу және жас буын арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері №10 жалпы білім беретін орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткіздік.
Кездесу барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Марьяна Джангалиева психотроптық заттардың адам ағзасына тигізетін зияны, олардың заңсыз айналымы және бұл саладағы қылмыстық жауапкершілік жөнінде кеңінен түсіндірме берді. Ол есірткі қылмысының қоғам үшін аса қауіпті екеніне, оның салдары жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететініне тоқталды.
Біз оқушылармен ашық пікір алмасып, әлеуметтік желілердің жастар санасына ықпалы туралы айттық. Осы орайда, виртуалды кеңістіктегі мәдениетті мінез-құлық, өз ойын еркін әрі жауапты жеткізу мәдениеті жайында сөз қозғап, интернеттегі позитивті контенттің маңызын атап өттік. Бүгінгі жастардың негізгі ақпарат көзі – әлеуметтік желі. Сондықтан біз пайдалы, тәрбиелік мәні бар мазмұн ұсынып, дұрыс бағыт көрсетуіміз керек. Мен өз парақшамда мотивациялық және тәрбиелік бейнероликтер жариялап, жастардың жауапкершілігі мен мақсаткерлігін арттыруға барынша үлес қосуға тырысамын.
Кездесуде Кинологиялық қызмет орталығының инспекторы Хан қызметтік итінің арнайы тапсырмаларды орындау дағдылары көрсетілді. Оқушылар полиция қызметкерлерінің әңгімесін қызығушылықпен тыңдап, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Осындай шаралар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттырып, өз өміріне жауапкершілікпен қарауға және салауатты өмір салтын ұстануға зор ықпал етеді.
Әділет Сәбитов,
Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі, блогер