Мұндай саммиттер халықаралық әріптестікті нығайтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде сөйлеген сөзінде энергетика саласындағы өзара іс-қимыл – тұрақты дамудың басты факторы екенін атап өтті.

Бүгінде бүкіл әлем «таза» әрі сенімді энергетикаға көшу жолдарын іздестіріп жатқан кезеңде, технологиялармен алмасу мен инфрақұрылымды жаңғырту аса өзекті мәселеге айналып отыр. Осы орайда Қазақстан белсенді түрде әрекет етіп келеді. Атап айтқанда, ядролық энергетика саласында үлкен тәжірибесі бар Қытаймен серіктестікті нығайту маңызды бағыттардың бірі саналады. Алдағы уақытта осы салаға қатысты қабылданатын келісім – айтарлықтай алға басушылық болмақ.

Өңірлік қауіпсіздік мәселелерінде еліміздің ұстанып отырған нақты әрі принципті ұстанымын ерекше атап өту қажет. Қытай ұсынған «ортақ тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасы жәй ғана ұран емес, бұл – өзара құрмет пен тең құқылы серіктестіктің айқын көрінісі. Аталған қағидаттардың «Мәңгілік тату көршілік туралы шартта» көрініс табуы – екіжақты диалогтың сенімді әрі тұрақты негізде дамып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан Орталық Азияны бейбітшілік пен келісімнің өңірі ретінде көреді. Терроризмге, есірткі бизнесіне, адам саудасына және әсіресе киберқауіптерге қарсы күрес – тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана тиімді жүзеге аса алады. Осыған байланысты Президенттің салаға жауапты мемлекеттік органдар арасында тұрақты байланыс орнату туралы ұсынысы – аймақтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты әрі орынды бастама.

Мұндай саммиттер халықаралық байланыстарды нығайтып қана қоймай, шынайы прогреске жол ашатын маңызды алаңға айналып отыр. Бұл – жай ғана ресми кездесулер емес, бұл – қуатты, орнықты және қауіпсіз Орталық Азияны қалыптастыру жолындағы маңызды кезеңдер. Қазақстан осы үдерісте айрықша рөл атқарып отыр.

Гүлназ Имирова,

Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы

Сурет: akorda.kz