Мұнай-газға тәуелділіктің төмендеп келе жатқаны қуантады

Атырау облысында іске асырылып жатқан 20 жаңа жобаның жалпы құны 104 млрд теңгені құрауы және нәтижесінде 1 300-ден аса жұмыс орнының ашылуы өңір экономикасының сапалы өсімге бағыт алып отырғанын көрсетеді.

 Мен ОКҚ алаңында сөз сөйлеген өңір әкімі Серік Шәпкеновтің сөзін мұқият тыңдап шықтым. Мұнай-газ саласы әлі де негізгі драйвер болып тұрғанымен, инвестициялардың диверсификациялануы аймақтың болашақ тұрақтылығына маңызды әсер етеді. Әсіресе экономиканың өңдеу, инфрақұрылым және қызмет көрсету секторларына капиталдың тартылуы мұнай нарығындағы құбылмалықты жұмсартуға мүмкіндік береді. Еңбек нарығы тұрғысынан алғанда, жаңа жұмыс орындарының құрылуы Атырау жастары үшін перспективаларды кеңейтіп, кадрлық әлеуеттің өңірде сақталуына ықпал етеді. Агроөнеркәсіп кешеніндегі 116,8 млрд теңгелік өнім өндірісі және мал шаруашылығындағы өсім – экономиканың дәстүрлі емес бағыттарының да серпін алып келе жатқанын айғақтайды. Бұл көрсеткіштер аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, қосымша экспорттық мүмкіндіктер қалыптастыруға негіз болады. Жалпы алғанда, қазіргі бастамалар Атырау облысының ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығын күшейтуге және мұнай-газға тәуелділікті біртіндеп төмендетуге бағытталған ойлы әрі уақытылы қадамдар деп есептеймін.

Рысжан Дәулетұлы,

қаржы саласының ардагері