Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтылған құрылыс саласын толық цифрландыру бастамасы – еліміздің инженерлік және сәулеттік қауымдастығы көптен күткен шешім. Құрылыстың барлық кезеңін жоспарлаудан бастап, эксплуатацияға дейін бір ғана ұлттық цифрлық платформа арқылы бақылау – құрылыс нарығындағы ашықтықты арттырып қана қоймай, сапаны жүйелі түрде көтеретін маңызды қадам. Соңғы жылдары елде тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі сапаны қатаң қадағалауды талап етіп отыр. 19 миллион шаршы метр баспана – үлкен көрсеткіш, бірақ оны сапалы және қауіпсіз ету – басты міндет.
Сәулетші әрі жобалаушы ретінде мен BIM технологияларын кеңінен енгізу – құрылыс саласының болашағы екеніне толық сенемін. Building Information Modeling – тек 3D модель емес, ол құрылыс объектісі туралы толық мәліметті жинақтайтын интеллектуалды жүйе. Жобаның әр кезеңіндегі өзгерістер, сметалық есептер, инженерлік шешімдер және материалдардың шығыны нақты әрі автоматтандырылған түрде бақыланады. Мұндай тәсіл адами фактордан туындайтын қателерді айтарлықтай азайтып, құрылыс мерзімін де, бюджетін де тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеде BIM-сыз құрылыс жүргізу артта қалған елдердің белгісі ретінде қаралады, сондықтан Президенттің осы технологияны міндетті деңгейге көтеруді ұсынуы – уақыт талабы.
Ұлттық цифрлық платформа іске қосылса, еліміздегі жобалау ұйымдары, мердігерлер, техникалық қадағалау, мемлекеттік органдар және тапсырыс берушілер бір экожүйеде жұмыс істейтін болады. Бұл ашықтықты күшейтіп, жасырын келісімдер мен қағазбастылықты айтарлықтай қысқартады. Сонымен қатар, әрбір объектінің тарихы цифрлық форматта сақталып, кейінгі техникалық қызмет көрсету немесе реконструкция кезінде үлкен артықшылық береді. Қазірдің өзінде Атырау өңірінде ірі өндірістік және тұрғын үй нысандарын жобалау кезінде BIM-ге деген сұраныс артып келеді. Цифрлық платформа осы бағыттағы жұмысты жүйелеп, біріздендіреді.
Жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы да сала мамандары үшін аса маңызды. Қолданыстағы нормалар заман талабына сай толық реформалауды қажет етеді. Қауіпсіздік, сапа стандарттары, жобалау ережелері мен техникалық талаптар нақты әрі түсінікті болуы тиіс. Кодекс BIM мен цифрлық платформаны міндетті құрал ретінде бекітсе, бұл Қазақстандағы сәулет және құрылыс мәдениетін жаңа деңгейге шығарады. Сонымен бірге, өңірлік ерекшеліктерді ескеретін нормаларды қабылдау – Атырау сияқты климаттық және инженерлік жағдайы күрделі аймақтар үшін өте өзекті.
Президенттің бастамасы – құрылыс саласын түбегейлі жаңартуға бағытталған стратегиялық қадам. Біз, сәулетшілер мен жобалаушылар, бұл өзгерістерге толық дайынбыз және еліміздің құрылыс индустриясын заманауи, қауіпсіз әрі ашық етуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Наурызбай Мұхтарұлы,
атыраулық сәулетші-жобалаушы