Ұлттық ұланда әке жолын жалғап келемін

15 маусым – Әкелер күні. Бұл күн – ұрпаққа үлгі болған, өнегелі өмірімен жол көрсеткен әкелерге құрмет білдіретін ерекше мереке. Осы орайда, әкем 3-сынып сержанты Рүстембек Бекмурзиннің тағылымды өмір жолын айрықша атап өткім келеді.

Мен бала күннен әскери киім киген, ел қорғаны болған әкеме қарап бой түзегем. Қазіргі таңда әскери бөлімде тәртіп пен жауапкершілікті басты ұстаным етіп, нағыз сарбаз ретінде қалыптасып келемін

Жасыратыны жоқ, мен бала күнімнен әскери қызметші болуды армандадым. Әскери жолды таңдауыма, әрине, ең алдымен әкем себепкер болды. Оның жұмысқа деген жауапкершілігі, темірдей тәртібі мен Отанға адалдығы мені жігерлендірді. Ол мен үшін үлгі. Қазір өзім де әскери салада қызмет етіп жүріп, бұл саланың оңай еместігін, бірақ мәртебелі міндет екенін шын жүректен сезінудемін.

Менің таңдауым 25 жылға жуық өмірін Ұлттық ұланға арнаған әкем үшін – зор мақтаныш. Оның осы салада жүргеніне 25 жылға жуықтады. Қазір рота старшинасы қызметінде. Алла қаласа, алдағы 5 айдан кейін зейнетке шығады. Үш ұлы бар. Үлкені – мен әке жолын жалғап, әскери қызметке келдім. Ал, екінші ұлы әскерге кеткелі жатыр. Борышын абыроймен өтеп келген соң, ол да осы жолды таңдауға ниетті. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен мәртебе. 

Мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің мызғымастығы жолында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен ерлікке толы міндет. Осындай ауыр жүкті арқалап жүрген әскери әкелердің өнегелі жолын жалғаған ұлдардың қатары артқаны – қуанарлық жайт. Олар – отансүйгіштіктің, тәртіп пен тектіліктің нақты көрінісі. Қоғамда әке жолын қуып, әскери салада абыроймен қызмет етіп жүрген жастар аз емес. Бұл – ұлтқа қорған, елге тірек болар азаматтардың өсіп келе жатқанын білдіреді. Егемен еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп жүрген барша әкелерді Әкелер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Отанға қызмет ету – ұрпаққа үлгі болар биік борыш!

Алтынбек Аманғалиев,

Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның №5546 әскери бөлімінің кіші сержанты