Ұлттық қорды ұтымды пайдалансақ екен...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған инвестициялық саясатқа қатысты ұсыныстары — дер кезінде көтерілген, аса маңызды бастамалар. Әсіресе ел экономикасы үшін шынайы пайдасы бар жобаларға басымдық беру мәселесі – бүгінгі таңда өзектілігі артып отырған мәселе.

Бүгінде өңірлерде, соның ішінде Атырау секілді мұнайлы аймақтарда, бір реттік емес, ұзақ мерзімді пайда әкелетін жобаларға зәрулік бар. Жергілікті тұрғын ретінде айтарым, мемлекет тарапынан қолдау тапқан, әлеуметтік маңызы жоғары, экологиялық әрі экономикалық тиімді жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал етеді.

Президенттің Ұлттық қорды тиімді әрі ұтымды пайдалану жөніндегі ұсынысы – ел қаржысының әр тиынын тиімді жұмсауға бағытталған көреген қадам. Бұл қаражатты болашағы зор, нарықтық әлеуеті жоғары жобаларға салу – елдің ертеңіне салынған инвестиция деп білемін. Алайда, ең бастысы – жобаларды таңдауда ашықтық пен әділдік болуы шарт. Жергілікті жерде халықтың сұранысы мен қажеттілігі ескерілсе, мұндай бастамалар ел мен елдің арасын жақындатып, сенімді нығайтады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, сырттан кәсіби сарапшылар мен басқарушыларды тарту – біз үшін тек тәжірибе ғана емес, сонымен бірге жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Жолдауда көтерілген бұл ұсыныстардың барлығы – еліміздің экономикалық тәуелсіздігін күшейтуге, ұлттық байлықты әділетті бөлуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Енді бұл бастамалардың нақты іске асуына барлық деңгейдегі атқарушы органдар мүдделі болуы керек.

Діңғали Бисенғалиұлы,

Мақат ауданының тұрғыны