Ашхабадта өткен Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына және Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форум – қазіргі геосаяси ахуал шиеленіскен кезеңде айрықша маңызға ие тарихи оқиға.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жиында сөйлеген сөзі Қазақстанның халықаралық аренада бейбітшілік, сенім және көпжақты дипломатия қағидаттарын табанды түрде қорғайтын мемлекет екенін тағы бір дәлелдеді. Мемлекет басшысы Түрікменстанның бейтараптық саясатының Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа қосқан үлесін айрықша бағалап, түрікмен халқының рухани мұрасын, соның ішінде Мақтымқұлы Пырағының терең ойларын тілге тиек етіп, мәдени аяда сабақтастық пен өзара құрметтің маңызын көрсетті. Тоқаевтың БҰҰ-ны кешенді реформалау қажеттігін атап өтуі, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейту бастамасын қолдауы, жаһандық сенім дағдарысы жағдайында көпжақты институттардың рөлін күшейтуге бағытталған өте өзекті әрі уақыт талабына сай ұсыныс болып отыр.
Сондай-ақ Президенттің Украинадағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық күш-жігерді қолдауы, Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздерге оң баға беруі Қазақстанның бейбітшілік құрудағы шынайы бітімгерлік миссиясын көрсетеді. Таяу Шығыс, Оңтүстік Кавказ және Ауғанстан бойынша айтылған пікірлер де еліміздің жалпыәлемдік қауіпсіздік құрылымына жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдейді. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы жөніндегі шешім аймақтағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған батыл әрі сындарлы қадам ретінде бағалануға лайық. Форумда көтерілген бастамалардың ішінде су қауіпсіздігі мен жаһандық су дипломатиясына қатысты ұсыныстар ерекше назар аудартады. Су тапшылығы бүкіл әлемді алаңдатып отырған кезеңде Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру идеясын ұсынуы – болашаққа бағдарланған стратегиялық бастама. Бұл тек экологиялық мәселе емес, саяси, экономикалық және гуманитарлық тұрақтылыққа тікелей әсер ететін фактор екені анық.
Сонымен қатар Тоқаевтың көлік-транзит дәліздерін дамыту, Транскаспий бағытын күшейту, Орталық Азияның логистикалық хаб ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейту туралы ойлары аймақ елдерінің өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жиын барысында Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің барлығы Қазақстанның сыртқы саясатындағы сабақтастықты, бейбітшілікті басты құндылық ретінде ұстанатын принциптік бағытын, көпвекторлы дипломатиясының өзегін айқын көрсетті. Өз басым бұл форумды мүдделі мемлекеттердің жасампаз диалогын күшейтетін, сенім мен өзара түсіністікті тереңдететін және әлемде әділетті тәртіп қалыптастыруға бағытталған халықаралық күш-жігерге жаңа серпін беретін маңызды алаң деп бағалаймын.
Аққали Ахмет,
атыраулық ғалым, тарих ғылымдарының докторы
Фото: Ақорда