Соңғы уақытта батпақты аумақтарда, әсіресе шымтезек пен қамыс өрттерінің қайта тұтануы жиілеп барады. Бұл құбылыстың ғылыми тұрғыдан себебі неде? Біз осы және өзге де сауалдарды атыраулық ғалым, техника ғылымдарының докторы Есенғали Ғилажевқа қойған болатынбыз, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
- Сонымен, қамыс өрті неге қайталануда?
- Қамыс өрттерінің қайта жануы – күрделі физика-химиялық, биологиялық және метеорологиялық факторларға байланысты. Бұл табиғи жанғыш заттар сөндірілгеннен кейін де бықсып, қайтадан жалынға айналуы мүмкін. Мәселе – олардың құрылымдық ерекшелігінде және сыртқы жағдайлардың ықпалында.
- Нақты қандай себептер қайта жануға әкеледі?
- Ең алдымен, өртенген қамыстың қалдығы бірнеше метр тереңдікте бықсып жана береді. Мұндай тереңдікке сөндіру кезінде су толық жетпейді, ал ішкі жану жалғасып жатады. Кейін желдің күшеюі немесе ауа ылғалдылығының төмендеуі салдарынан ол қайтадан жалынға айналуы мүмкін.
Сондай-ақ өрттен кейін қалған құрғақ өсімдіктер күн сәулесі немесе тіпті әйнек сынығы сияқты заттардың әсерінен тез тұтанады. Қамыстың құрамында тұтану температурасы төмен эфир майлары мен балауыздар бар.
- Ал, ауа райының әсері қандай?
- Ауа райы – негізгі факторлардың бірі. Ыстық, желді және құрғақ ауа қамыстың тез құрғауына әсер етеді. Сыртынан қамыс ылғалды болып көрінгенімен, ішкі қабаты құрғап, жануға дайын болуы мүмкін.
- Өздігінен жану дегеніміз не?
- Бұл микробиологиялық процестермен байланысты. Қамыстың құрамындағы органикалық заттар ыдырағанда экзотермиялық (жылу бөлетін) реакциялар жүреді. Бұл реакциялар қамыс температурасын 250°С-қа дейін қыздырып, оттегі жеткілікті болса, өздігінен жануға алып келуі мүмкін.
- Қазіргі таңда Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуі де қамыс өртіне тікелей әсер ете ме?
- Иә, бұл да маңызды фактор. Каспийдің шегінуі салдарынан бұрын су астында жатқан батпақты жерлер құрғап жатыр. Табиғи суландыру режимі бұзылып, қамыс алқаптары отқа бейім ортаға айналуда.
- Халықты мұндай қауіптен қорғау үшін қандай шаралар қабылдануы керек?
- Бірнеше маңызды бағыт бар. Атап айтсам, хабарлау және ескерту: БАҚ, мессенджерлер, дабыл жүйелері арқылы тұрғындарды алдын ала ескерту. Паналау орындары: Ауаны сүзетін жүйелері бар орынжайлар дайындап, ауыз сумен және медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Жеке қорғаныс: Респираторлар мен бетперделер пайдалану, терезе мен есіктерді тығыз жабу, ауаны ылғалдандырғыш құралдарды қолдану. Өрттің алдын алу: Батпақты алқаптардағы су деңгейін, әсіресе құрғақ маусымда тұрақты бақылау; елдімекендерге жақын жерлерде құрғақ өсімдіктерді өртеуге тыйым салу; дрондар мен спутниктер арқылы өрт ошақтарын ерте анықтап, мониторинг жүргізу. Медициналық көмек: Түтінмен уланған жағдайда (бас айналу, әлсіздік, ентігу сияқты белгілер) жедел медициналық көмекке жүгіну; түтін аймақтарында жылжымалы медициналық пункттер ұйымдастыру.
- Өте құнды ақпарат бердіңіз. Қорытынды ретінде не айтар едіңіз?
- Қамыстың қайта жануы – олардың табиғи қасиеттеріне байланысты туындайтын күрделі құбылыс. Оның алдын алу үшін бірлескен бақылау, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп, жедел әрекет ету қажет. Кейде табиғатпен күресудің орнына, біз оны түсініп, соған қарай бейімделе білуіміз де керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Амандық АБДОЛ