2024 жыл Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың жаңа парағын ашты. Қытайда Қазақстан туризмі жылы деп жарияланған бұл кезең қос ел арасындағы мәдени, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды тереңдетудің маңызды кезеңіне айналды.
Қытай Халық Республикасының бірқатар ірі қалаларында өткен тақырыптық апталықтар мен мәдени көрмелер, сондай-ақ «Алтын адам» мен «Ұлы дала» экспозициялары қытай жұртшылығына Қазақстанның тарихы мен табиғатын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттаумен қатар, туризм арқылы өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға септігін тигізеді.
Қытайлық туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы едәуір артты – келушілер саны 50%-ға көбейді. Бұл – нақты нәтижеге бағытталған дұрыс әрі тиімді саясаттың жемісі.
2025 жылдың Қазақстанда Қытай туризмі жылы болып жариялануы – осы бастамалардың қисынды жалғасы. Екі ел арасындағы визасыз режим тек туристік байланысты ғана емес, іскерлік және гуманитарлық қарым-қатынастарды да жаңа деңгейге көтереді.
Туризм – бұл жай ғана сапар емес. Бұл – елдер арасындағы сенім көпірін орнатуға қабілетті күш. Қазақстан мен Қытай осы бағытта үлгі боларлықтай нәтиже көрсете алды.
Нұрбек Ізбасов,
Атырау қалалық мәслихат депутаты
Фото: ortcom.kz