Биыл қаңтар-мамыр айларындағы елдегі жалпы ішкі өнімнің өсімі – Қазақстан экономикасының орнықты даму үстінде екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Ел экономикасының 6%-ға өсуі бір ғана сала есебінен емес, бірқатар негізгі секторда – өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, байланыс және сауда салаларындағы оң динамика арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Бұл – экономиканы әртараптандыру саясатының дұрыс бағытта жүзеге асып жатқанын білдіреді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Өнеркәсіп өндірісінің 6,4%-ға артуы, әсіресе Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарындағы жоғары өсім – шикізаттық емес бағыттағы өндірістерді қолдаудың нақты нәтижесі, - дейді тәуелсіз сарапшы Телман Шүриев. – Құрылыс саласындағы 15,4%-дық өсім де осы салаға құйылған инвестициялар мен өңірлік инфрақұрылымдық жобалардың ауқымын көрсетеді. Мысалы, Маңғыстау облысындағы ауқымды жобалар – экономикалық қана емес, әлеуметтік қажеттіліктерді де шешуге бағытталған маңызды бастамалар.
Ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсім де назар аударуға тұрарлық. Бұл саладағы көрсеткіштердің жақсаруы – азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мен ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті арттырудағы нақты қадамдардың нәтижесі.
Сауда мен көлік секторындағы өсім – халықтың тұтынушылық белсенділігінің, кәсіпкерлік белсенділіктің және еліміздің транзиттік әлеуетінің артып келе жатқанын айғақтайды. Көлік саласының 23,1%-ға өсуі – Қазақстанның стратегиялық орналасу артықшылығын тиімді пайдаланып жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, биылғы бес айдағы макроэкономикалық көрсеткіштер – тұрақты өсімге негіз болатын тиімді мемлекеттік саясат пен бизнес белсенділігінің үйлесімін көрсетеді. Ендігі маңызды міндет – осы оң үрдісті сақтап, сапалы әрі ұзақ мерзімді нәтижелерге қол жеткізу. Бұл көрсеткіштер белгілі бір кезеңмен шектеліп қалмауға тиіс. Экономика – елдің басты локомативі болғандықтан, барлық салада жалпы ішкі өнімнің қарқынды өсуіне ғана жұмыс жасалуы қажет-ақ.
Фото pixabay