Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді басқару мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы игерілмей жатқан, заңсыз алынған немесе мақсатсыз пайдаланылып отырған жерлерді қайтарып, оларды ашық әрі әділ негізде қайта бөлу қажеттігін нақты айтты. Бұл ретте жерді пайдалануға қатысты бақылауды күшейту үшін спутниктік мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр .
Аталған бастамалар — ауыл шаруашылығын дамытуға, өндіріс көлемін арттыруға және жерді тиімді әрі ұқыпты пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл шаралар жерге қатысты әділетсіздікті жоюға, әсіресе жайылым мен егістік жетіспейтін өңірлерде жерге қол жеткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Айта кетер жағдай, жер қайтару мен қайта бөлу барысы қоғам бақылауында болуы керек. Егер әділдік сақталмаса, әлеуметтік шиеленіс, дау-дамайлар туындауы әбден мүмкін. Сондықтан бұл реформаны жүргізуде ашықтық, айқын ереже және қоғамдық сенім - басты шарттар болуы тиіс. Жергілікті жердегі әкімдердің- депутаттардың жұртшылық өкілдерімен жиі кездесуі де өте маңызды рөл атқарады. Әрине, қазіргі кезде әлеуметтік желілер бұл шаруаны жеңілдеткендей көрінуі мүмкін. Бірақ, әлеуметтік желі барлық жағдайды жеткізе ала ма? Оны да кейде біреулер тек өзінің жеке мақсатына пайдаланып кетіп отырғанын көзір көріп отыр. Сондықтан, жұртшылықпен көзбе- көз кездесіп, ел мұңын- мұқтажын білгені дұрыс.
Бақберген Сақипов,
Индербор кенті бойынша «Amanat» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы
Фото freepik