Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамалары еліміздің қаржы саласын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.
Цифрлық теңгенің енгізіліп, оны мемлекеттік және жергілікті бюджеттерде қолдану мүмкіндігі қарастырылуы – қаржы қозғалысының ашықтығын арттырып, бюджет шығындарын бақылауды күшейтетін өте өзекті шешім. Бұл шара цифрлық экономиканың даму қарқынын жеделдетіп қана қоймай, мемлекеттік басқарудағы тиімділікті де арттырады. Сонымен қатар, цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру бастамасы еліміздің жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі перспективалы активтерді дер кезінде игеруіне жол ашады. Қазіргі криптонарық тек цифрлық валюталармен шектелмейді, ол — болашағы зор технологиялық экожүйелерді қамтитын ауқымды сала. Сондықтан стратегиялық крипторезерв жинақтау Қазақстанға технологиялық тәуелсіздігін күшейтіп, халықаралық трендтерден қалыс қалмауға мүмкіндік береді.
Президент атап өткен киберқауіпсіздік мәселесі де ерекше назарды талап етеді. Онлайн-алаяқтықтың көбейуі азаматтардың да, мемлекеттің де қаржылық қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Антифрод орталығының құрылуы, биометриялық сәйкестендіру жүйесінің енгізілуі және қаржы ұйымдарының жауапкершілігінің артуы — дұрыс бағыттағы қадамдар, бірақ бұл жұмысты үнемі жетілдіріп отыру қажет. Жаңа қауіп түрлері пайда болып жатқандықтан, киберқылмысты болжауға және алдын алуға мүмкіндік беретін интеллектуалды жүйелерді дамытып, құқықтық базаны заман талабына сай жаңартып отыру маңызды. Жалпы алғанда, Президент ұсынған бастамалар цифрлық экономиканы дамытудың ұлттық моделін қалыптастырып, Қазақстанның технологиялық болашағын айқындайтын стратегиялық бағыттар деп санаймын.
Болат Нұрымов,
ІТ маманы
АТЫРАУ