"Орталық Азия – Қытай" II саммиті Қазақстанда өтуі ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастықтың бүгінгі таңда жай ғана дипломатия емес, нақты қажеттілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсіресе, мұндай ауқымды шаралардың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сияқты елдің жетекші жоғары оқу орындарында өтуі қуантады.
Саммит аясындағы форум — бұл тек ғалымдардың кездесуі ғана емес. Бұл – жаһандық сын-қатерлерді шешуге бағытталған нақты қадамдар талқыланатын маңызды алаң. Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі, кедейлікпен күрес сияқты мәселелер күн тәртібінде тұр. Алматы хартиясының қабылдануы, бизнес-инкубатор, жерсеріктік станция және цифрлық шеберхана құру туралы келісімдер – халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың нақты нәтижелерін көрсетеді.
Форумда жасыл технологиялар мен орнықты дамуға басымдық берілуі – қатысушы елдердің көреген саясатын және ортақ болашақ үшін күш біріктіруге дайын екенін білдіреді. Әсіресе Қазақстанның белсенділік танытып, Орталық Азия мен Қытай арасындағы дәнекер рөлін атқаруы аса маңызды.
Бұл саммит ғылым мен білімнің дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналатынына үміт береді. Мұндай іс-шаралар стратегиялық әріптестікті нығайту мен ғылыми прогреске жол ашу үшін аса маңызды деп есептеймін.
Хаят Жапаров,
«Республикалық дүнген этномәдени бірлестігінің» Атырау облыстық филиалы төрағасы
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі