Қазақстан мен Қытай туризм арқылы тығыз байланыс орнатуда

Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқаны қуантарлық жайт. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмінің жылы деп жарияланып, бұл жыл елдеріміз арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды әрі есте қаларлық кезеңге айналды.

Көптеген жұмыстар атқарылды — 30-дан астам ірі іс-шара өткізіліп, жүздеген келісімге қол қойылды. Әсіресе Бейжің, Шанхай, Сиань, Гонконг және Үрімжі қалаларында өңірлеріміз бен қалаларымыздың туризм күндерінің жарқын әрі әсерлі өткенін көру — ерекше қуаныш. Ал Шаньдун мен Хэбэй провинцияларында ұйымдастырылған концерттер мен "Алтын адам" және "Ұлы дала" көрмелері екі ел арасындағы нағыз мәдени көпірге айналды. Ұлттық музейіміздің қорынан ұсынылған экспонаттар қытай көрермендерінің зор қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ қазақстандықтардың Жібек жолы бағыты бойынша автожорықтар мен мототурларға қатысуы — жай ғана сапар емес, еліміздің туристік әлеуетін жарқын түрде таныстыру тәсілі. Бұл шараларға жүздеген адамның қатысқаны — айрықша әсер қалдырады.

Нәтижесінде Қытайдан Қазақстанға келген туристер саны 50%-ға артты! Сонымен қатар, еліміз қытайлық туристер арасында танымал бағыттар рейтингінде 40-орыннан бірден 29-орынға көтерілді. Бұл — айтарлықтай ілгерілеу!

Тағы бір аса маңызды оқиға — визасыз режимнің енгізілуі. Өткен жылдың қарашасынан бастап күшіне енген бұл келісімнің нәтижесінде Қазақстан Орталық Азияда Қытаймен осындай келісімге қол жеткізген алғашқы ел болды. Бұл — мемлекеттеріміз арасындағы өзара сенім мен түсіністіктің жоғары деңгейін көрсетеді деп есептеймін.

2025 жыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы болып жарияланды. Бұл — осы уақытқа дейінгі бастамалардың қисынды әрі лайықты жалғасы. Бұл жыл біздің азаматтарымызға Қытайдың бай мәдениетімен, табиғатымен және тарихымен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік болмақ. Сонымен қатар, бұл елдеріміздің арасындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсері анық.

Жалпы, туризм — бұл жай ғана сапарлар емес. Бұл — адамдар арасындағы шынайы байланыс, бір-бірімізді жақсырақ түсінудің, экономиканы дамыту мен мәдени қарым-қатынасты кеңейтудің жолы. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Қытай осы бағытта сенімді әрі табысты қадамдар жасап келеді.

Нұрхан Бағытжанов,

«Ассамблея Жастары» РҚБ Атырау облыстық өкілдігінің жетекшісі

Фото: Ақорда