Мен Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және технологиялық серіктестіктің дамуын үлкен қызығушылықпен бақылап келемін. Менің ойымша, бұл — халықаралық ынтымақтастығымыздың ең болашағы зор бағыттарының бірі. Ең қуантатыны — бұл саладағы байланыстардың тек формалды сипатта ғана емес, нақты нәтижелерге негізделіп, тұрақты қарқынмен ілгерілеуі.
Қытай — мықты білім беру базасы бар ел. Сондықтан да қазақстандық студенттердің ол жақта білім алуға ұмтылуы заңдылық. Бүгінде Қытайда шамамен 14 мыңға жуық отандасымыз оқып жатыр — бұл қытай білім беру жүйесіне деген сенім мен қызығушылықтың айқын көрінісі.
Ең маңыздысы — қытайлық жоғары оқу орындары елімізге келіп жатыр. Мәселен, 2023 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Ал 2024 жылы тағы екі оқу орнының — Бейжің тіл және мәдениет университетінің (Астана халықаралық университеті жанында) және Гонконг Сити университетінің (Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ жанында) филиалдары жұмысын бастады. Бұл — қазақстандық жастарға елден шықпай-ақ халықаралық стандарттарға сай білім алу үшін үлкен мүмкіндік.
Сондай-ақ Конфуций институттарының қызметіне тоқталғым келеді — бүгінде олардың саны елімізде бесеуге жетті. Бұл — тек тіл үйрететін орталықтар ғана емес, сонымен қатар қытай мәдениетімен, философиясымен және дүниетанымымен терең танысуға жол ашатын шынайы мәдени орталықтар.
Қолданбалы технологиялар саласындағы серіктестік те ерекше назар аударарлық. Мысалы, Шығыс Қазақстан техникалық университетінде құрылған «Лу Бан шеберханасы» студенттерге заманауи автомобиль технологияларымен жұмыс істеуге мүмкіндік беруде. Биыл сондай шеберхана Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де ашылады. Бұл — техникалық білім беру саласындағы ірі серпіліс.
Қазақстан-Қытай кәсіби-техникалық колледжінің құрылуы да маңызды оқиға. Бұл оқу орны халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды даярлайтын флагманға айналмақ. Бүгінде Алматы, Шымкент және Жамбыл облысындағы колледждер қытайлық индустриялық кластерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Бұл — заманауи технологиялармен, жаңа оқыту әдістерімен және жоғары стандарттармен қамтамасыз етілген болашақтың білімі.
Қуантатыны — қытай жастары да Қазақстанға қызығушылық танытуда. Қытайдың алты ірі қаласында Қазақстан орталықтары жұмыс істейді, ол жерлерде студенттер қазақ тілі мен әдебиетін меңгеруде. Ал Үрімжіде өткен «Study in Kazakhstan» көрмесінде еліміздің 16 жоғары оқу орны таныстырылды — бұл өте жағымды жаңалық. Мұндай бастамалар Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіндегі беделін арттыра түсетіні сөзсіз.
Мұның бәрі Қазақстан мен Қытай тек серіктес қана емес, болашақты бірлесіп құрып жатқанын көрсетеді. Біз осы бағытта алға нық қадам басып келеміз, және бұл мені шын жүректен қуантады.
Нұрлы Айтиева,
Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры
Фото: Амандық Сағынтайұлы