Қамысты мүлдем шауып тастауға да болмайды...

Соңғы кезде қамыстың өртенуі жыл өткен сайын өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Осы орайда, «оны неге мүлдем шауып тастамасқа?» деген сауал туындауы мүмкін. Бұлай етуге де болмайды. Себебі...

Қамыс табиғи сүзгі қызметін атқарады. Ол – теңіз бен өзендердің суы құрғап кетпеуі үшін қажет өсімдік. Біздер, эколог ғалымдар, жыл сайын байқап отырмыз, теңіздегі су деңгейі едәуір түсіп келе жатыр. Кейбір ғалымдардың болжамы бойынша, теңіз деңгейі алдағы уақытта тіпті 20 метрге дейін төмендеуі де мүмкін. Бұдан тек Атырау емес, Маңғыстау облысы да зардап шегуде. Біріншіден, теңіз буланып, ондағы су көлемі азайып отыр. Екіншіден, оған құятын өзендер де тайыздануда. Ол өзендер өз бастауын Ресейден алатындықтан, халықаралық келісімдерді реттеу керек болады. Оның үстіне, көрші елдегі Еділ өзені бойында жасанды қоймалар көбірек салынуда. Өз кезегінде олар судың жолын бөгеп отыр. Сондықтан, алда жасалатын жұмыс көп. Бұл мәселе бір жылдың ішінде шешіле қоймасы анық. Үшіншіден, өзіміздің Жайықтың суын халық болып тиімді пайдалануымыз қажет. Егер ол сумен егін суарып, ауыл шаруашылығына сарп ететін болсақ, онда ол теңізге жетпей қалады. Осыдан келіп Каспий кері шегіне береді. Ал, оның орны құрғап, қамыс өртіне әкеледі

Мәнсия ЕСЕНАМАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, экология кафедрасының меңгерушісі