Қамыс өртімен күресу үшін оның ерекшелігін білу керек

Соңғы күндері біздің өңірде қамыстың жануы басты мәселеге айналды. Бұл жағдай не себептен туындап отыр және онымен қалай күресу керек? Бұл сұрақтарға «Қансонар» аңшылар мен аңшылық шаруашылық субъектілерінің республикалық қауымдастығының Атырау облысы бойынша директоры Александр Ивасенко жауап берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Айта кетейік, Александр Ивасенко – 1987 жылы Иркутск ауыл шаруашылығы академиясының аңшылық мамандығы бойынша түлегі. Атырау облыстық мемлекеттік аңшылық инспекциясын, мемлекеттік аңшылық кәсіпорнын басқарған. Сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау басқармасында, орман және аңшылық шаруашылығы басқармасында, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында қызмет атқарған. Қазіргі таңда – «Қансонар» республикалық қауымдастығының Атырау облысы бойынша директоры.

– Александр Николаевич, биыл өрт ауқымды сипат алды – түтін жүздеген гектар аумақты қамтыды...

– Бұл өсімдікті дұрыс атау керек, шын мәнінде бұл – «құрақ». Оның ерекшеліктерін нақты білу қажет. Солтүстік Каспий өңірінде бұл өсімдік өте көп таралған және бұрын да жанатын, бірақ бұрынғыдай жиі емес. Мұндай өсімдіктің таралуы су температурасының жоғарылауымен және жағалау бойында биогендердің жиналуымен байланысты. Соның салдарынан жағалау белдеуінде елеулі өзгерістер байқалуда, бұл құбылысты жан-жақты зерттеу қажет.

Соңғы жылдары құрақ тек теңіз жағалауын ғана емес, басқа да су айдындарын белсенді түрде жаулап жатыр. Қазір ол өзіне тән емес жерлерде де өсіп, таяз суларды игеруде. Биіктігі 4–5 метрге жетеді, ал тамыр жүйесі 30–40 метрге дейін таралады. Бұл тамырлар өте берік. Өзім де аңшы ретінде Каспий маңы флорасы мен фаунасының жағдайын бақылап отырамын, зерттеу барысында бұған көзім жетті.

Құрақ – ылғалсүйгіш өсімдік, жер асты сулары жақын орналасқан жерлерде жақсы өседі. Бұл – Каспийдің таяз солтүстігіне тән жағдай. Оның үстіне, бұл көпжылдық өсімдік болғандықтан, жыл сайын күшейіп, тамыры тереңдей береді. Соңғы бірнеше жылда судың қайтуына байланысты құрақ ондаған шаршы шақырым аумақты жайлап үлгерді.

Каспий теңізі жылдан-жылға шегініп жатыр, соған байланысты өсімдіктің таралуы да арта түсуде.

– Бұл түсінікті. Ал, өрт қалай пайда болады? 

– Бұл – сөзсіз адам факторы. Отпен абайсыз әрекет – басты себеп. Құрақ жанған кезде оны сөндіру өте қиын. Біріншіден, ол батпақты жерлерде өседі, сондықтан өрт ошағына техникамен жету мүмкін емес. Әсіресе бұл теңіз жағалауына қатысты, онда жүздеген шақырым аумақ бар. Сондықтан жалынды көбінесе авиация көмегімен сөндіруге тура келеді.

Ашық жалынды тоқтату – өрттің толық сөнгені деген сөз емес. Мұнда ылғалдың көп болуына байланысты оттегі жетіспейді, өсімдік қалдықтары толық шірімей, тліп жатады және мезгіл-мезгіл тұтанып отырады. Ашық жалын сирек кездеседі. Егер өсімдік жамылғысы, мысалы ағаштар болса, олар ашық отпен жанады, ал тамыр астында бықсу үрдісі жүреді. Жалын жер асты суларына жеткенде ғана тоқтайды. Бұл үдеріс оттегінің жетіспеуінен болады. Мұндай жағдайда өте көп мөлшерде түтін бөлінеді – бұл жанғыш және жанбайтын газдардың қоспасы. Егер шөп жақсы оттегімен жанса, түтін болмас еді – бәрі жанып кетер еді.

Бірақ жел отты басқа учаскелерге таратып, өрт аумағын кеңейтіп жібереді. Бірнеше гектардың өзі көп зиян келтіруі мүмкін.

– Сіз бұл өңірде көп жылдан бері қызмет атқарып келесіз, Солтүстік Каспийдің табиғатын жақсы білесіз. Өртті сөндіру неге соншалықты қиын?

– Жердің батпақтылығы техниканың өрт орнына жетуіне мүмкіндік бермейді – бұл анық. Сондықтан сөндіру көбінесе әуе техникасының көмегімен жүзеге асады. Кей жерлерде жер үсті күштерімен өртті сөндіру мүлде мүмкін емес.

Тіпті техника өрт ошағына жеткен күннің өзінде, өрт сөндіру машиналарына су көзінің жетіспеуі де қиындық туғызады. Аймақтың климаты – күрт континенталды, жиі соғатын желдер өсімдіктің қайта тұтануына себеп болады.

– Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қолдану керек? Кейбір тұрғындар ерікті топ құрып, өртті өздері сөндіруге барғысы келеді...

– Жоқ, бұл қауіпті. Ондай жерлерге ешкімді жібермейді. Мұндай ұсыныстарды көбінесе ол жердің нақты жағдайымен таныс емес адамдар жасайды.

– Мүмкін, құрақты құрылыс материалы ретінде жинау керек шығар? Мысалы, саяжайға арналған жиһаз жасауға...

– Құрақты жинап алдыңыз делік. Бірақ жердің бетіндегі сабақты алғанмен, астындағы қалың, тығыз тамыр жүйесі сол күйі қалады. Құрақты жинау – уақыт пен күшті текке сарп ету ғана, түбегейлі шешім емес.

– Онда, сіз не ұсынасыз?

– Ең алдымен, бұл – ерекше қорғалатын табиғи аумақ, мемлекеттік табиғи резерват. Сол себепті күзетті күшейту керек, инспекторлардың жұмысын белсенді ету қажет. Сонымен қатар бейнебақылау камераларын орнату да нәтижелі болар еді.

Тағы бір маңызды шара – өртке қарсы жолақтар жасау. Бұл жерді жырту арқылы жүргізіледі. Осылайша аумақты бірнеше бөлікке – квадраттарға бөліп, өрттің таралуын шектеуге болады.

Сонымен бірге халықпен, әсіресе оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Құрғақ шөпке тасталған темекі тұқылы қандай зардап әкелетінін түсіндіру – маңызды. Бұл да өз нәтижесін береді.

Құрақ немесе қамыс – теңіз бен су қоймалары бар жерде әрқашан болатын өсімдік. Сондықтан бұл мәселе жыл сайын жаз мезгілінде қайталана береді, өздігінен шешілмейді. Оған нақты әрі жүйелі шаралар қажет.