Кей ғалымдар теңіз табанындағы өңірлерге өрт қаупін тудырып отырған қамысқа басқаша, нақтырақ айтқанда, ғылыми, яғни, экономикалық көзқарас қалыптастыру қажет деп санайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Ақмарал Жалғасбаеваның айтуынша, қамысты өндірістік және шаруашылық мақсатта пайдаланса, алдағы уақыттағы өрт қауіпсізідігінің алдын алуға болады.
– Соңғы жылдары елімізде қамыс өртінің жиілеп кетуі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді күн тәртібіне шығарды, - дейді ол. – Қамыстың жануы атмосфераға зиянды қалдықтардың таралуына, биологиялық әртүрліліктің жойылуына және жергілікті халықтың денсаулығына кері әсер етуге алып келеді. Осыған орай, қамысты тек қауіп көзі ретінде емес, оны басқарылатын, тиімді пайдалануға болатын табиғи ресурс ретінде қарастыру – уақыт талабы.
Қамыс – жылдам өсетін, қайта қалпына келетін, экологиялық таза әрі арзан шикізат көзі. Оның қасиеттері құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Мәселен, Еуропа елдерінде қамыстан жылу оқшаулағыш тақталар, экосылақтар мен шатыр жабындылары дайындалып, олар заманауи, энергияны үнемдейтін құрылыс материалдары ретінде сұранысқа ие.
Сонымен қатар, қамыс биоотын көзі ретінде де болашағы зор. Қамыс брикеттері мен пеллеттері көмір мен табиғи газға балама ретінде ауылдық аймақтарда жылу көзі бола алады. Бұл отын тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, табиғи газға түсетін жүктемені азайтады және ауаға зиянды қалдықтардың шығарылуын төмендетеді. Бұл бастама еліміздің «жасыл экономика» саясаты мен энергия ресурстарын әртараптандыру стратегиялық бағытына толық сай келеді.
Қамыс ресурсын тиімді игеру үшін өңірлік деңгейде қамысты жинау, өңдеу және қайта өңдеу бойынша шағын өндірістік кәсіпорындар құру – нақты шешімдердің бірі. Мұндай кәсіпорындар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, логистика, сақтау, сату және қызмет көрсету сияқты аралас салаларда экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қамыстан жасалған өнімдерді тек ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа – әсіресе Қытай, Түркия, Еуропа елдері сияқты табиғи материалдарға сұранысы жоғары мемлекеттерге экспорттау әлеуеті бар. Бұл – қазақстандық ауылдық аймақтардың экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Қамыс – дұрыс басқарылған жағдайда еліміздің экологиясына да, экономикасына да пайда әкелетін табиғи ресурс. Оның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы көпқырлы қолданылуы – өңірлік дамудың жаңа бағыты бола алады. Қамысты өрттің көзі емес, экономикалық мүмкіндік ретінде қарастыру арқылы біз табиғатты қорғаймыз, халықтың өмір сүру сапасын жақсартамыз және ұлттық экономиканы әртараптандыруға нақты үлес қосамыз.