Мен атыраулық жастардың денсаулығымен тікелей жұмыс істеймін. Осы орайда, көпбейінді ауруханаларды дер кезінде іске қосу – өңірлік денсаулық сақтау жүйесі үшін шешуші қадам деп санаймын.
Президент Жолдауында көтерілген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық кешігусіз пайдалануға беру мәселесі — өңірлер, әсіресе Атырау сияқты индустриалды аймақтар үшін өте өзекті. Жастар арасында профилактикалық тексерістерге сұраныс артып жатыр, бірақ кей қызметтерді алу үшін азаматтар әлі де облыс орталығына немесе басқа қалаларға баруға мәжбүр. Жаңа ауруханалардың уақтылы ашылуы медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір жақсартады.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы инвестиция тарту өте тиімді модель. Бұл тек жаңа нысан салу емес, сонымен бірге диагностика, психикалық денсаулық, репродуктивті медицина және жастар арасындағы өмір салтын түзету бойынша жаңа бөлімшелер ашуға мүмкіндік береді. Жастар үшін заманауи, қолжетімді, сапалы қызмет аса маңызды.
Пандемия кезінде дәрі-дәрмектің тапшылығы қаншалықты қиындық туғызғанын бәріміз көрдік. Өзімізде өндірілетін препараттар көбейсе, жастардың созылмалы ауруларды басқару, профилактикалық витаминдер мен вакциналарға қолжетімділігі артады. Бұл жалпы денсаулық мәдениетін қалыптастыруға әсер етеді.
Жастармен жұмыс істегенде аналитика мен нақты деректерге сүйену маңызды. Егер өңірлік деңгейде сапаны автоматты түрде бақылайтын жүйе іске қосылса, қызметтің ашықтығы да, тиімділігі де артады.
Әлішер Талғатұлы,
Атырау жастар денсаулық орталығының басшысы