Мемлекет басшысы қолға алған орталықсыздандыру реформалары – елдің саяси жүйесін жаңғыртудың ең маңызды және батыл бағыттарының бірі. Бұл тек басқару құрылымдарын өзгерту емес, ел дамуының жаңа философиясын қалыптастыру деп айтуға болады.
Өңірлерге барынша дербестік беру – жауапкершілікті де, сенімді де арттыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бұл модельдің түпкі мәні – әрбір аймақтың өз әлеуетін ашып, жергілікті халықтың сұранысына сай нақты шешім қабылдай алуына жағдай жасау.
Бұрын аудандар мен қалалар жоғарыдан бөлінетін қаржыға ғана қарап отырса, енді жаңа Бюджет кодексі бойынша олардың өз кіріс көздері пайда болмақ. Бұл – әкімдердің және жергілікті басқару органдарының қаржылық жауапкершілігін күшейтетін маңызды қадам. Яғни, енді аудан әкімі өз өңірінің экономикасын дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға мүдделі болады. Себебі, олардың табысы мен салық түсімдері тікелей жергілікті бюджетке бағытталады.
Тағы бір маңызды тұсы – әкімдерді сайлау тәжірибесі. Халық өз басшысын тікелей таңдау арқылы билікке деген сенімін нығайтып, жергілікті деңгейде азаматтық белсенділік арта түсуде. Бұл саяси мәдениеттің жоғарылағанының айғағы. Әсіресе ауыл және аудан әкімдерінің сайлануы – халық пен билік арасындағы байланыстың нақты нығаюына мүмкіндік береді.
Қазіргі өзгерістердің барлығы асығыстықпен емес, бірізді және эволюциялық жолмен жүзеге асып жатыр. Осы тәсілдің өзі реформалардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Орталықсыздандыру – тек әкімдерді сайлау не бюджетті бөлу мәселесі емес, ол — елдің тұтастай басқару жүйесін жаңарту процесі.
Президентіміз айтқандай, «Қуатты өңірлер – қуатты ұлт». Егер әр өңір өз әлеуетін дұрыс пайдаланып, жергілікті экономикасын дамытса, онда бүкіл елдің қуаты мен бәсекеге қабілеттілігі артады. Сондықтан бұл реформалар Қазақстанның жаңа даму дәуіріне жол ашатын тарихи қадам деп санаймын.
Жалғас Тікенбаев,
мемлекеттік қызмет саласының ардагері