Президент өз Жолдауында инвестициялық саясаттың қазіргі күйіне нақты әрі батыл баға берді. Қасым- Жомарт Кемелұлы нақты атап өткеніндей, осы бағытта біраз олқылық бар. Мысалы, үйлестіру жетіспейді, жауапкершілік нақты бөлінбеген.
Екіншіден, инвестициялар негізінен шикізаттық секторға бағытталған. Тек қана табиғи байлықтарымызға ғана тартып отырмыз инвесторларды. Енді, мемлекет басшысының айтқанындай, жаңа технологиялар мен өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту басым бағытқа айналуы тиіс. Бұл оңай шаруа емес. Бірақ, алынбайтын қамал да емес. Сөзден нақты іске көшетін уақыт келді.
Президент инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғыртуды, Премьер-Министрге осы сала үшін жеке жауапкершілік жүктеуді тапсырды. Сонымен қатар, «Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін» құру бастамасы – ел ішіндегі құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталған маңызды сигнал. Өзіміздің кейде шектен шығып жататын бюрократтығымызды азайтып,
инвесторлардың мәселесімен тікелей айналысатын комитет құру арқылы осылайша, елімізге молынан қаржы тартуды ұйымдастыру керек деп есептеймін. Комитетті құру тек қағаз жүзіндегі шаруа емес, нақты соттық механизмдермен, міндеттермен және кепілдіктермен қамтамасыз етілуі керек. Сонда инвесторларымыз бағытымыздың айқын екендігін, мемлекет те, қоғам да кепілдік беріп отырғанын сезінеді. Сол кезде шикізат саласынан басқа да бағыттарға инвесторлар келеді деп есепеймін.
Әлібек Артыққалиев,
жеке кәсіпкер
Атырау қаласы
Фото freepik