Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы – уақыт талабынан туған өте орынды бастама. Расында, қазіргі таңда аграрлық ғылым мен нақты өндіріс арасындағы байланыс әлсіз. Ғылыми ізденістердің нәтижесі шаруаларға, фермерлерге жете бермейді. Соның салдарынан жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдер ауылдық жерлерде баяу енгізілуде.
Ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Сондықтан бұл бағытта ғылым мен тәжірибенің өзара ықпалдастығын күшейту аса маңызды. Президент айтқандай, қолданбалы ғылымды жандандыру арқылы ғана өнімділікті арттырып, экспорттық әлеуетті көтеруге болады.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру бастамасы да саланың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашады. Мұндай хаб тек зерттеу мен оқыту орны ғана емес, фермерлер мен ғалымдардың бірлесіп жұмыс істейтін алаңына айналуы тиіс.
Сонымен қатар ветеринария мен фитопатология салаларындағы ғылыми артта қалушылық – агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлкен кедергі. Бұл бағыттарда жаңа зертханалар ашып, мамандарды қайта даярлау қажет. Цифрлық технологияларды енгізу, дрондар мен смарт-жүйелерді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы өнімінің сапасы мен көлемін айтарлықтай арттыруға болады.
Қорыта айтқанда, Президент ұсынған нақты жоспар – аграрлық ғылымды жаңа деңгейге көтеріп, елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам. Ендігі міндет – сол жоспарды тиімді орындау және ғылымның әлеуетін нақты нәтижеге айналдыру.
Қосыбек Салтанатұлы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ