Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне қатысуын ерекше қызығушылықпен атап өткім келеді. Ең алдымен, бұл саммит Қазақстанның өңірлік интеграциялық үдерістерге белсенді әрі конструктивті қатысушы ретіндегі рөлін айқын көрсетті. Бұдан да маңыздысы – Қазақстанды көпжақты әріптестікке негізделген теңгерімді саясат жүргізіп отырған ел ретінде толық негізбен атауға болады.
Қазақстан «Қытай – Орталық Азия» форматындағы күн тәртібіне белсенді түрде қатысып қана қоймай, оның әрі қарай дамуына стратегиялық бағдар беріп отыр. Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін мұқият сараласақ, ынтымақтастықтың басым бағыттары айқын көрінеді: сауда, инвестиция, логистика, энергетика және гуманитарлық сала.
Инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік кооперацияға ерекше назар аударылды. Бұл – Еуразия кеңістігінде көлік бағыттары үшін бәсекелестік артып отырған тұста өте өзекті тақырып. Президенттің сөзінде бірнеше негізгі месседж нақты байқалды. Ең бастысы – Қытаймен қарым-қатынастың стратегиялық маңыздылығы. Бұл байланыстар «мәңгілік және барлық маусымға бейімделген әріптестік» ретінде сипатталды. Мұндай нақты ұстаным елдер арасындағы сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға серпін береді.
Экономикалық сала бойынша нақты деректер келтірілді: Қытай тарапынан Қазақстан экономикасына 26 миллиард доллар көлемінде инвестиция салынған, 5 000 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, өзара тауар айналымы 44 миллиард долларға жеткен. Сонымен қатар, бірқатар жаңа жобалар ұсынылды – Транскаспий бағытын жаңғырту, Құрық портында бірлескен терминал құру, энергетикалық әріптестікті (соның ішінде ядролық энергетиканы) дамыту, технопарктер мен ғылыми-зерттеу платформаларын іске қосу.
Маңызды басымдықтардың бірі – өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Президент киберқылмыс, терроризм және басқа да трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күреске назар аударды. Бұл мәселе, әсіресе, соңғы уақытта деректердің таралуына байланысты аса өзекті бола түсті. Профильді министрліктер деңгейінде институционалдық өзара іс-қимылды жолға қою қажеттілігі ерекше аталды.
Гуманитарлық және білім беру мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл сала қазіргі таңда ұзақ мерзімді инвестициялық бағыт ретінде алдыңғы қатарға шығып отыр. Осы тұрғыда 2026 жылды «Орталық Азия – Қытай» форматында Білім және ғылым жылы деп жариялау бастамасы – зияткерлік ықпалдастықтың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды негіз бола алады.
Таисия Мармонтова, саясаттанушы
Фото: ОКҚ