Ең құндысы – халықаралық сарапшылардың жоғары бағасы

Сарайшықта өтіп жатқан бұл симпозиум – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі ортағасырлық қалаларды зерттеу мәдениетіне жаңа серпін беретін маңызды ғылыми алаң.

 Бүгін шетелдік және отандық әріптестермен бірге көне қоныстың нақты нысандарын аралау барысында біз Сарайшықтың тарихы қаншалықты көпқырлы әрі терең екенін тағы да айқын сезіндік.

Археологиялық қазбалардың стратиграфиялық құрылымы қала өмірінің үздіксіз дамығанын, түрлі өркениеттердің тоғысқанын көрсетеді. Соңғы жылдары енгізілген заманауи әдістер – қазба жұмыстарының сапасын арттырып қана қоймай, бұрын назар аударылмаған көптеген детальдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Әсіресе реставрация мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Бұл – Сарайшықты тек ғылыми объект ретінде ғана емес, мәдени мұра ретінде сақтауға бағытталған маңызды қадам.

Мен үшін ең құндысы – халықаралық сарапшылардың жоғары бағасы. Бұл біздің археологтар мен реставраторлардың еңбегінің нәтижелі екенін дәлелдейді. Сарайшықтың ғылыми тұрғыдан қайта танылуы – тек өткенді зерттеу емес, болашақ ұрпаққа жауапкершілікпен қалдыру деген сөз. Сондықтан мұндай жұмыстардың қарқыны бәсеңдемей, керісінше кеңейе түсуі қажет деп есептеймін.

Аққали Ахмет,

тарих ғылымдарының докторы