Ең қиыны – батпақтағы өрт

Қамыс өртін өшіру неге қиын? Оның алдын алуға бола ма? Шетелде онымен қалай күреседі? Біздің бұл сауалдарымызға атыраулық ғалым, PhD, «Экология, био және нанотехнология» ғылыми-зерттеу институтының директоры Рауан Әбдинов жауап берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

– Рауан Шәріпбайұлы, шымтезек немесе батпақтағы өрт неліктен соншалықты қауіпті саналады?

– Батпақтағы өрт — ашық жалын емес, жер астымен жүретін үрдіс. Яғни, от қамыстың арасында баяу жанады. Мұндай өрттің басты ерекшелігі — оны көзбен көру қиын, ал сөндіру одан да қиын. Бұл қабат кей жерде бірнеше метр тереңдікке дейін жетеді. От сол қабаттың астында ұзақ уақыт бойы, кейде тіпті қыс бойы да сөніп үлгермей, қайта тұтанып кетуі мүмкін.

– Құрғақшылық кезеңінде мұндай өрттер жиі бола ма?

– Иә, құрғақшылық өрттің негізгі себепшісі. Ауа райы аптапты әрі желді болса, жағдай күрделене түседі. Жел отты әрі қарай таратады, ал күн сәулесі қызған шөп пен құрғақ топырақты жанғыш етеді. Тіпті бір ғана шыны сынығы немесе темекі тұқылы жеткілікті. Сондықтан батпақты жерлер кез келген уақытта өрт қаупін төндіреді.

– Мұндай өрттер адам өмірі мен қоршаған ортаға қалай әсер етеді?

– Өте зиянды. Біріншіден, ауаға улы газдар – көмірқышқыл газы, көміртек тотығы және ұсақ бөлшектер бөлінеді. Бұл адамдардың, әсіресе балалар мен қарттардың тыныс алу жолдарына үлкен қауіп төндіреді. Екіншіден, жануарлар мен өсімдіктерге орны толмас зиян келеді. Биологиялық алуантүрлілік жойылып, топырақтың табиғи құрылымы бұзылады.

– Мұндай өрттердің алдын алу үшін қандай шаралар қажет?

– Ең тиімді жол – алдын алу. Құрғақшылық кезде ауыл шаруашылығы жұмыстарын шектеу, қамысты алқаптарға бақылау орнату, өртке қарсы жоспарлар дайындау қажет. Сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, профилактикалық шаралар қабылдау да аса маңызды.

– Басқа елдерде бұл мәселемен қалай күресіп жатыр?

– Дамыған елдерде бұл бағытта көптеген заманауи технологиялар қолданылады. Мысалы, дрон арқылы мониторинг жасау, топырақтағы ылғалдылықты бақылау, жылу датчиктері мен георадарлар арқылы қамыс астындағы өрт ошақтарын ерте анықтау әдістері бар. Қазақстан да осы бағытқа бет бұруы керек.

– Өз тарапыңыздан қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – жауапкершілік пен алдын алу. Қамыс өртін сөндіру – өте көп уақыт пен қаражатты қажет ететін күрделі процесс. Ал оның зардабы жылдап білінеді. Сондықтан әр азамат табиғатты қорғауға өз үлесін қосуы керек. Кішкентай қауіпсіздік ережесін сақтау арқылы үлкен апаттың алдын алуға болады.