Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында айтқан пікірлері ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды бастама деп санаймын. Әсіресе, Мемлекет басшысының «Бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді» деген сөзі – терең ой мен тәжірибеге негізделген салмақты шешім.
Шынында да, әлем елдерінің көпшілігі бір палаталы парламенттік жүйе арқылы тиімді басқару мен нақты шешім қабылдау тетіктерін қалыптастырған. Мұндай модель заң шығару процесін жеделдетіп, қоғамдағы өзекті мәселелерге уақытылы жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Екі палаталы құрылым кейде бюрократиялық кедергілерге, шешімдердің кешігуіне алып келетіні жасырын емес. Ал бір палаталы жүйе халық пен билік арасындағы байланысты барынша жақындатуға жағдай жасайды.
Президент атап өткен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты – саяси тұрақтылық пен даму кепілі. Бұл модель ауылдағы қарапайым халықтан бастап, ғылыми және өндірістік салаларда еңбек етіп жүрген азаматтардың үмітін ақтайтын жүйе болуы тиіс. Себебі реформаның түпкі мәні – халыққа тиімді қызмет ететін билік жүйесін қалыптастыру.
Менің ойымша, қазіргі таңда қоғамда ашық пікірталас пен сындарлы ұсыныстардың болуы аса қажет. Мемлекет басшысы да дәл осыны айтып отыр: әрбір ұсыныс пен пікір мұқият қаралады, ортақ шешімге келу үшін сарапталады. Бұл – демократиялық ұстанымның айқын көрінісі.
Сондықтан, Парламенттік реформаны елдің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам ретінде толық қолдаймын. Бұл бастама Қазақстанның саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік шешім қабылдаудағы жауапкершілікті арттырады.
Қосыбек Ырзағалиев,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы
Фото: Ақорда