Банктердің міндеті – нақты экономиканы қолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың банктерге қатысты айтқан пікірі өте орынды деп есептеймін. Расында да, еліміздің қаржы институттары нақты секторға, яғни өндіріс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларға жеткілікті көлемде инвестиция құймай отыр. Соның салдарынан шағын және орта бизнес өкілдері қолжетімді несие табуда қиындыққа тап болуда.

Қазіргі таңда банктердің басым бөлігі қысқа мерзімді және тәуекелі төмен бағыттарға — сауда, импорт операциялары немесе қаржы нарығындағы алыпсатарлық құралдарға қаржы салғанды жөн көреді. Ал бұл экономиканың ұзақ мерзімді өсуіне серпін бермейді. Президент атап өткендей, банктердің негізгі міндеті – нақты экономиканы қолдау болуы керек.

Егер жаңа «Банктер туралы заң» шын мәнінде бәсекені арттыруға, қаржы нарығына жаңа ойыншыларды тартуға және цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге мүмкіндік берсе, бұл еліміздің қаржы жүйесін жаңа деңгейге шығарады деп ойлаймын. Сонымен қатар, цифрлық активтер айналымын ырықтандыру да уақыт талабы. Қазір әлемдік нарықта осындай үрдіс жүріп жатыр, біз де одан қалыс қалмауымыз керек.

Атырау өңірінде де нақты секторға қаржы тарту аса өзекті мәселе. Өңірде мұнай-газ саласымен қатар, аграрлық және өндірістік бағыттарда әлеует зор. Банктер сол бағыттарға батыл қаржы құйса, жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақ экономикасы едәуір жандана түсер еді.

Сондықтан Президент тапсырмасын уақыт оздырмай орындау – Үкімет пен Ұлттық банктің ғана емес, барлық қаржы институттарының ортақ міндеті деп санаймын.

Рысжан Дәулетұлы,

қаржы саласының ардагері