Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауында айтылған банктердің нақты секторға белсенді қатысуы туралы бастама – уақыт талабынан туған орынды шешім. Шынында да, бүгінгі таңда еліміздегі екінші деңгейлі банктердің көпшілігі өндіріс пен өңдеу саласына ұзақмерзімді несие беруден гөрі, табысы тез түсетін қаржы құралдарына инвестиция салуды жөн көреді. Бұл үрдіс экономиканың нақты секторын дамытуға кедергі болып келгені жасырын емес.
Қаржының негізгі міндеті – экономиканы айналымда ұстау, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға серпін беру. Сондықтан банктер өз стратегиясын қайта қарап, ел экономикасын әртараптандыруға бағытталған жобаларға қаржы құюға батыл қадам жасауы тиіс. Президенттің осы мәселені ерекше атап өтуі – банк секторының жауапкершілігін арттыруға нақты сигнал.
Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа «Банктер туралы заң» қабылдануы – осы бағыттағы маңызды тетік болмақ. Бұл заң қаржы институттарының бәсекелестігін күшейтіп, жаңа ойыншылардың нарыққа келуіне жол ашады. Сондай-ақ цифрлық технологияларды дамыту мен қаржылық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Менің ойымша, ендігі басты мақсат – қаржы саласының тұрақтылығын сақтай отырып, нақты экономикаға бағытталған ұзақмерзімді несие тетіктерін күшейту. Бұл әсіресе өңірлер үшін аса маңызды. Мәселен, Атырау секілді өндіріс орталықтарында шағын және орта бизнеске қолжетімді қаржы көздері көбейсе, жаңа өндірістер ашылып, жергілікті экономиканың әлеуеті еселеп артады.
Осы ретте Президент көтерген бастама — банктер мен мемлекет арасындағы өзара сенім мен серіктестікті жаңа деңгейге шығаратын шешуші қадам деп санаймын.
Рысжан Дәулетұлы,
қаржы саласының ардагері