Бөлінген қаржы қаншалықты дұрыс қолданылып жатыр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударды. Президент бұл саланың ел экономикасындағы маңызын ескере отырып, тек шикізат өндірумен шектелмей, оны толыққанды агроэкономикаға айналдыру қажет екенін атап өтті. Яғни, мал өнімдерін өсіруден бастап, оларды өңдеп, ішкі және сыртқы нарыққа дайын өнім түрінде шығару – негізгі мақсаттардың бірі ретінде көрсетті.


Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын цифрландыру. Бұл – өнімді есепке алу, субсидия мен қолдау тетіктерін әділ бөлу, сыбайлас жемқорлықты азайту сияқты мәселелерді шешуге сеп болады. Сонымен қатар, Президент агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына ерекше мән берді. Яғни, бастысы – қаражат бөлу емес, оның нақты нәтижеге жету үшін қаншалықты дұрыс қолданылып жатқаны.
Тағы бір өзекті мәселе – асыл тұқымды мал өсіру мен жем-шөп базасын нығайту. Президент бұл бағыттарды ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі тетігі ретінде қарастырып отыр. Бұл ретте, жергілікті шаруаларға арналған жаңа бағдарламалар мен қолдау шаралары іске қосылады деп күтілуде.
Жалпы алғанда, Жолдауда мал шаруашылығына қатысты айтылған міндеттер салада жүйелі өзгерістер  жасауға бағытталған. Алайда бұл өзгерістердің нақты нәтижесін көру үшін айтылған бастамалар қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іс-шаралармен, дұрыс жоспарлау мен тиімді орындаумен жалғасуы қажет. Тек сонда ғана еліміздің мал шаруашылығы жоғары деңгейге көтеріле алады.
Тасқара Бағдатұлы

жеке кәсіпкер Атырау қаласы

Фото freepik