2019 жылдың 11 қыркүйегінде Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Бұл құжат екі елдің саяси сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін айқындады. Халықаралық қатынастарда қос мемлекет те көпполярлылық пен тең құқықтылықты қолдай отырып, жаһандық деңгейде бір-бірін қолдауды жалғастыруда.
Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси байланыстар өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды элемент болып отыр. 2024 жылы қос елдің көшбасшылары бірнеше мәрте кездесіп, тек екіжақты мәселелерді ғана емес, сонымен қатар жаһандық қауіпсіздік тақырыптарын да талқылады. Бұл тұрғыда Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен "Орталық Азия – Қытай" форматындағы әріптестік ерекше мәнге ие.
Ағымдағы жылдың маусым айында Астанада "Орталық Азия – Қытай" екінші саммитінің өтуі жоспарланып отыр. Бұл жиын 2023 жылы Сианьда өткен алғашқы саммиттің жалғасы ретінде қарастырылып, Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаруы тиіс. Сонымен қатар, бұл саммит Қазақстан үшін айрықша маңызды, себебі Қытай – әлемдегі ең қуатты инвестициялық, өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетке ие көрші ел. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы кездесу екіжақты ынтымақтастықты жаңа серпінмен дамытудың тиімді алаңы болмақ.
Аққали Ахмет,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарихы ғылымдарының докторы