Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында атап өткен мәдениет, өнер және спорт салаларына қатысты мәселелер – бүгінгі қоғам дамуы үшін аса маңызды бағыттар. Президент айтқан әрбір тұжырым уақыт талабы мен жаңа дәуірдің беталысын дәл көрсетеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Біріншіден, мәдениет қайраткерлерінің жаңа заманға бейімделуі – өзектілік қана емес, қажеттілік. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, жаңа коммуникация формалары мәдениет саласының өзіндік тілін өзгертуде. Өнер адамдары ұлттық құндылықтарды сақтау миссиясын жалғастыра отырып, оларды жаңа форматта ұсына алғанда ғана әлемдік бәсекеде беделіміз артады. Президенттің инфрақұрылымды жаңғырту туралы тапсырмасы – мәдени мұраны келешек ұрпаққа сапалы түрде жеткізуге жасалған маңызды қадам.
Екіншіден, бұқаралық спортты дамыту мәселесі – ел болашағына жасалған инвестиция. Аймақтарда спорт нысандарының көбеюі, балаларға арналған үйірмелердің қолжетімділігі – салауатты қоғам қалыптастырудың негізі. Мен ардагер спортшы ретінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған спорт клубтарының ашылуы – нағыз өркениетті қоғамның белгісі деп санаймын. Бұл – инклюзивті спортты дамытудағы айтарлықтай алға жылжу.
Үшіншіден, кәсіби спортты қолдау және отандық спортшыларға жағдай жасау – өте дұрыс бағыт. Шетелдік спортшыларды жалдауға шектеу қойылуы өз таланттарымызға сенім артудың, қазақстандық спорт мектебін дамытуға мүмкіндік берудің айқын көрінісі.
Футбол клубтарын жекешелендіру туралы Президенттің тапсырмасы да – заман талабына сай шешім. Әлемдік тәжірибеде футбол индустриясы жеке капитал мен кәсіби менеджмент арқылы дамитыны дәлелденген. Бізде де футболдың бизнес-индустрияға айналуы клубтардың тұрақтылығын арттырып, жастар футболының дамуына жаңа серпін береді. Бұл – спорттың экономикалық тиімділігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам.
Қорытындылай айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген бастамалары – Қазақстанның мәдени және спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін стратегиялық бағдар. Еліміз өркендеу жолында болса, оған мәдениет те, спорт та, ғылым да тең үлес қосуы тиіс.
Қабибек Мұхитов,
атыраулық ардагер спортшы, тарихшы-ұстаз