Бүгінгі ұрпақ отаншылдықты ұранмен емес, нақты іспен дәлелдеуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі – ел ертеңіне деген зор сенім мен үміттің көрінісі. Расында да, өркениетті елдің негізі – әділ заң мен білікті билікте ғана емес, сонымен қатар саналы, парасатты, білімге ұмтылған азаматтарда жатыр. Президенттің жастарға арнаған сенімі мен қолдауы – әрбір ұстаздың да жүрегінен шыққан ой. Өйткені біз ұрпақ тәрбиелеу жолында, олардың бойына елжандылық пен еңбекқорлықты, білім мен ізденіске құштарлықты дарытуға өмірімізді арнадық.

Қазіргі жастардың патриотизмді жаңаша қабылдауы – уақыт талабы. Бүгінгі ұрпақ отаншылдықты ұранмен емес, нақты іспен дәлелдеуімен құнды. Жасампаздыққа ұмтылған, жаңа технологияларды меңгеруге, елдің дамуына үлес қосуға тырысқан жастар – нағыз тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Бұл – қоғамның жаңарған санасының айғағы.

Президент айтқандай, ғылым мен білім – ұлттың басты күші. Біз соны жас ұрпаққа жеткізе білсек, еліміздің болашағы жарқын болмақ. Мен ұстаз ретінде жастардың алғырлығына, ой-өрісінің кеңдігіне және әлемдік жаңалықтарға тез бейімделу қабілетіне тәнтімін. Әсіресе жасанды интеллект, цифрландыру сияқты салаларда біздің балалардың әлеуеті зор.

Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі – әр қазақстандыққа арналған бағдар. Әділ заң үстемдік еткен, билігі халыққа жақын, азаматтары белсенді мемлекет – міне, біз ұмтылып келе жатқан жаңа Қазақстанның бейнесі. Бұл жолда біз, аға буын, жастарға тек сенім артып қана қоймай, оларды рухани тұрғыдан қолдауға, бағыт беруге тиіспіз.

Ел болашағы – жастардың қолында. Ал сол жастардың бойына білім мен адамгершілік дәнін егу – біздің, ұстаздардың, қасиетті борышымыз. Президенттің осы ойлары бізге жаңа серпін, жаңа жігер береді. Біздің міндет – сол сенімді ақтау, ұлттың рухани тұтастығын сақтау және білімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеу.

Бағилат Шамарқызы,

ардагер ұстаз

Құрманғазы ауданы