Президенттің Жолдауында айтылған бастамалармен толық келісемін. Шынында да, бүгінгі таңда Қазақстанда білікті жұмысшы мамандарға деген сұраныс өте жоғары.
Біз, дәнекерлеушілер, құрылысшылар, механиктер, техникалар — экономиканың нақты секторын алға жылжытатын негізгі күшпіз. Бірақ, өкінішке қарай, қоғамда жұмысшы мамандығына деген көзқарас әлі де төмен. Жастардың көпшілігі диплом үшін оқуға тырысады да, кейін мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл — өздері үшін де, мемлекет үшін де тиімсіз.
Меніңше, Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы өте уақытылы шешім. Егер жұмысшының еңбегі лайықты бағаланса, жалақысы да бәсекелі болса, жастар өндіріске қызығып келеді. Мысалы, Атырауда дәнекерлеушілерге сұраныс зор, жалақысы да жаман емес, бірақ маман тапшы. Неге? Себебі мектептен бастап техникалық мамандықтарға дұрыс бағыт берілмейді, ал ата-аналардың өзі «жұмысшы болып не істейсің?» деп қарайды.
Жұмысшының еңбегі — елдің тірегі. Оны бағаламасақ, сырттан келетін мамандарға тәуелді бола береміз. Өз еліміздің жастары өз қолымен ел экономикасын көтеретін уақыт әлдеқашан жетті. Сондықтан Президенттің жұмысшы мамандықтарына құрметті арттыру туралы бастамасы — біз сияқты қарапайым еңбек адамдарына үлкен демеу.
Нұржан Еркінұлы,
атыраулық дәнекерлеуші