Қазақстанда инженерлік білім берудің жаңа деңгейге шығуы – уақыт талабы. Қазіргі таңда елімізде жүзеге асып жатқан ірі индустриялық жобалар жоғары білікті кадрларға деген сұранысты еселеп арттырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен іске қосылған жаңа халықаралық білім беру бағдарламасы – стратегиялық маңызы бар бастама.
Бұл бағдарлама қазақстандық студенттердің теориялық білімдерін шетелдік тәжірибемен ұштастыруына, халықаралық стандарттар мен заманауи технологиялар негізінде кәсіби біліктілігін арттыруына мүмкіндік береді. Студенттердің Испанияда Tecnicas Reunidas сынды жаһандық деңгейдегі инжинирингтік компанияда даярлықтан өтуі – еліміздің инженерлік мектебі үшін зор жетістік. Бұл – тек білім мен тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен бірге қазақстандық кадрлардың жаһандық еңбек нарығында еркін жұмыс істеуіне жол ашатын әлеуметтік лифт.
Бағдарлама аясында 120 жас маманның Испанияда оқытылуы – бұл тек сан ғана емес, сапаға деген басымдықтың көрінісі. Әрбір түлек елімізге оралған соң, алған білімін отандық өндіріс пен ғылымда пайдаланып, Қазақстанның инженерлік-индустриялық әлеуетін нығайта алады.
Сонымен қатар, жобада жұмысшы мамандықтарды даярлауға ерекше назар аударылғаны қуантады. Атырау қаласындағы APEC колледжінде басталған оқыту – өңірлік деңгейде де мұнай-химия жобаларына дайын мамандарды жүйелі түрде даярлауға бағытталған. Бұл – білім беру жүйесінің практикамен тығыз байланысын арттыратын маңызды қадам.
Бүгінгі таңда еліміздің басты капиталы – адами капитал. Сондықтан да мұндай кешенді жобалар арқылы техникалық білім берудің сапасын көтеру, жастардың халықаралық деңгейде ойлап, әрекет етуіне жол ашу – мемлекет пен қоғамның ортақ мүддесі.
Мен бұл бастаманы еліміздің мұнай-химия саласын әрі қарай дамытуға, технологиялық суверенитетті қалыптастыруға және инновациялық экономика құруға бағытталған маңызды әрі болашаққа салынған инвестиция деп білемін.
Мәншүк МҰҚАШЕВА,
Мақат ауданының Құрметті азаматы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, халықаралық Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты