"Ақжайықтағы" жағдай – халықаралық деңгейде шешілетін мәселе

Қамыс бүгін ғана жанып жатқан жоқ, ол бұрыннан да болып жүрген табиғи құбылыс. Тек бұрын әлеуметтік желілер болмағандықтан, көпшілік оған онша мән бермейтін. Қазір қоғамда ақпарат жедел тарайды, әрбір оқиғаға бейжай қарау мүмкін емес. Бұл – біз тілдескен Бөкейхан ауылының тұрғыны, кәсіпқой балықшы, әрі жергілікті экобелсенді Тұрар Сабыровтың пікірі.

– Соңғы жылдары Каспий теңізі айтарлықтай шегініп, жағалау сызығы бірнеше шақырымға кейін жылжыды, - дейді ол. – Бұл әсіресе Каспийдің солтүстік бөлігінде — тайыз әрі жазық аумақта қатты байқалды. Мәселен, бар болғаны бірнеше жылдың ішінде теңіз суы ондаған метрге шегініп, бұрын су астында жатқан аумақтарды қамыс пен шөп басып кетті.

Өткен жылы бұл жерлерде өрт онша көп тіркелген жоқ, себебі теңіз деңгейі салыстырмалы түрде жоғары болды, топырақта ылғал мол еді. Ал биыл жағдай күрт өзгерді — ауа райының аса құрғақ әрі ыстық болуы, су тапшылығы мен жиі соғатын жел қамыстың тұтануына қолайлы жағдай туғызды. 

Қамыс — өте өміршең өсімдік. Ол кез келген су айдынының жағасында: үлкен көл, шағын өзен, батпақ немесе тұйық сулар маңында еркін өседі. Мысалы, Атырау қаласының өзінде Жайық өзенінің жағалауы бойлай қалың қамыс басқан. Ал резерват аумағында қамыс алқаптары ондаған шақырымға созылып жатыр. Бұл — өтуге қиын, кейде мүлде жүріп өту мүмкін емес ну жерлер. Каспий маңы аймағы қамыстың өсуіне өте қолайлы — ылғалды, топырағы борпылдақ, күн шуағы мол. Қамыс мұндай ортада тығыз, қалың болып өсіп, табиғи тосқауылға айналады.

Дәл осы тығыз қамыс өрт кезінде үлкен қиындық тудырады. Өрт сөндіру жұмыстары өтімі қиын, батпақты, ну қамыс арасында жүргізіледі. Мұндай жерлерге техникамен кіру мүмкін емес, ал жаяу жүріп өту де оңай емес. Құлаған қамыс сабақтары бір-біріне шырмалып жатады — ол жерде адам оңай тұрып қала алады. Қамыс бір жерде тұтанса, жалын әп-сәтте бүкіл аумақты шарпып үлгереді. Оның себебі — қамыстың құрғақ болуы және құрамында жанғыш заттардың (эфир майлары, балауыз тәрізді элементтер) кездесуі. Ал жел болса, жалынды одан әрі қоздырып, өрттің таралу аумағын күрт кеңейтеді.

Өрттің бағыты да тұрақсыз — ылғалдылық пен желдің бағытына қарай ол бір сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Мәселен, соңғы бірнеше күнде біздің өңірде бірнеше рет өрт ошағының бағыты күрт ауысып, қауіпсіз аймақтарға таралу қаупі туды. Мұндай жағдайлар өртті сөндіру жұмысын бірнеше есе қиындатады.