Агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту — уақыт талабы

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту мәселесін өте орынды көтерді. Біз, нарықта ондаған жыл жұмыс істеген адамдар ретінде, соңғы жылдары азық-түлік қауіпсіздігінің стратегиялық мәнге ие бола бастағанын айқын сезіп отырмыз. Бір ғана мысал — ет пен сүттің өзіндік үлесі көптеген өңірде өсіп жатқанымен, нарықтағы баға көбіне сыртқы факторларға тәуелді болып қала береді. Бұл — ішкі өндірістің жеткіліксіз екенін көрсететін нақты белгі.

Агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту — уақыт талабы. Атырау секілді климаттық жағдайы күрделі өңірлерде мұндай инфрақұрылым жергілікті өндірушілерге жаңа серпін береді. Бірақ Президент дұрыс айтты: қазіргі кәсіпкер заманның талабын, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін түсінбейінше, берілетін қолдаудың тиімділігі де төмен болады. Біз бүгінгі таңда логистиканы да, маркетингті де, нарық болжамдарын да цифрлық талдау арқылы шешетін кезеңге келдік.

Меніңше, ішкі нарықты етпен қамтамасыз ету жөніндегі бастама — ең дұрысы. Атырауда мал шаруашылығына бейім аудандар жеткілікті, тек оларды қолдаудың тұрақты тетігі қажет. Мал азығы, ветеринария, сапаны бақылау мен сақтау инфрақұрылымының бәрі жүйелі түрде жолға қойылса, біздің өңір ғана емес, бүкіл батыс аймақ елдің ет қорын толықтыруға қабілетті.

Сонымен қатар экспорт мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа шығару үшін сапа стандарттары мен логистика ғана емес, халықаралық маркетинг те кәсіби түрде жүргізілуі тиіс. Бұл — ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, жалпы экономикалық блоктың ортақ міндеті екені анық.

Президенттің Еуразия экономикалық одағы аясындағы әділ бәсеке жөніндегі пікірі де өте өзекті. Біз жиі көріп жүргендей, одақтағы әріптестердің мемлекеттік қолдау деңгейі бізбен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Әсіресе сүт өндірушілер саласында бұл айқын сезіледі. Нәтижесінде отандық өнім ішкі нарықта өзіне тиесілі орынға ие бола алмай жатыр. Бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтеру — уақыт күттірмейтін шара.

Қорытындылай айтарым: егер айтылған тапсырмалар нақты іске асса, біз импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге шығара аламыз. Бұл — елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін шешуші қадам.

Аслан Маратов,

сауда саласының ардагері