Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – уақыт талабынан туындаған, ел дамуы үшін аса маңызды шешім деп есептеймін. Қазір еңбек нарығында білікті жұмысшылардың жетіспеушілігі айқын сезіліп отыр. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика, өндіріс секілді нақты салаларда кәсіби кадр тапшы. Ал бұл – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін төмендететін факторлардың бірі.
Менің ойымша, жұмысшы мамандығын таңдаған азаматтардың мәртебесін арттыру үшін үш бағытқа ерекше назар аудару қажет. Біріншіден, кәсіптік білім беру жүйесін заманауи стандарттарға сай жаңғырту керек. Колледждер мен оқу орталықтарында өндіріс базалары, тәжірибелік шеберханалар жеткілікті болуы шарт. Екіншіден, жұмысшы мамандығының әлеуметтік және материалдық тартымдылығын арттыру маңызды. Яғни лайықты еңбекақы, мансаптық өсу мүмкіндігі мен әлеуметтік кепілдіктер берілуі тиіс. Үшіншіден, қоғамдық санада жұмысшы еңбегіне деген құрметті қалыптастыру қажет. Біз әлі күнге дейін жоғары оқу орнын бітіргенді ғана жетістік деп санаймыз. Ал шын мәнінде, елдің тірегі – адал еңбек ететін, қолымен құндылық жасайтын адамдар.
Президент айтқандай, мемлекет тарапынан қолдау бар, енді осы бастаманы аймақтар деңгейінде нақты іспен жалғастыру қажет. Атырау өңірінде мұнай-газ, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салалары үшін кәсіби мамандарды даярлау жүйесін нығайтсақ, жастар өз туған жерінде тұрақтап, ел игілігіне еңбек етер еді.
Жұмысшы мамандықтарының абыройын көтеру – бұл тек экономикалық емес, рухани мәселе де. Адал еңбекке құрмет – ұлттың болашағына деген құрмет.
Нұрлы Тельманқызы,
атыраулық кәсіпкер, білім саласының ардагері