Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Жангелдин ауылында орын алған жантүршігерлік оқиғаға байланысты күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиев пен қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы Ақбаян Мұқанғалиева әлі күнге дейін табылған жоқ, деп хабарлайды AtyrauPress.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, кеше аталған отбасының алты баласына қатысты шұғыл шешім қабылданған. Үш кәмелетке толмаған бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, 3 жасар және бір жарым жастағы екі сәби балалар үйіне жіберілген. Бұған дейін балалар ата-әжесінің қолында болған.
Бұл шешім полиция департаментінің ұсыныс-хатына сәйкес, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысында қабылданған. Мамандардың айтуынша, мұндай қадам балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева қазіргі уақытта балалардың жағдайы толық бақылауда екенін айтты. Оның сөзінше, уәкілетті органдар балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Ал кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы Құндыз Ғиниятованың айтуынша, Махамбет ауданынан орталыққа үш бала жеткізілген. Олар – 9, 7 және 4 жаста. Балалармен психологтар жұмыс істеп, бейімдеу шаралары басталған. Қазіргі таңда олардың көңіл-күйі тұрақты, жағдайы қанағаттанарлық.
Еске салайық, былтыр Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Ал 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіті өз ауласындағы сарайдан табылды. Отбасының тағы екі мүшесі – қызы мен ұлы сол күйі із-түзсіз кеткен.
Аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланған. Алайда күдікті де, жоғалған отбасы мүшелері де әзірге табылған жоқ. Полиция департаменті іздестіру шараларының әлі де жалғасып жатқанын хабарлады.
