Жалған жарнамаға сенген 15 атыраулық көлігінен айырылды

2022 жылы Атырау облысының аумағында «Алаяқтық» бабы бойынша 146 қылмыстық іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мысалы, азамат «С.М.» әлеуметтік желі арқылы автокөлікті жалға алу жөнінде жалған жарнама берген. Осы жарнамаға алданған 15 жәбірленуші өздерінің автомашиналарынан айырылып, оларға аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтіріліп, алаяқтың құрбаны болған.

Атырау қаласы №2 сотының үкімімен С.М. ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жәбірленушілердің пайдасына 74 млн теңге қаражат өндірілді.  

«Алаяқтық – бұл қылмыстық құқықбұзушылық, алданушылар мүлкін өз еркімен беріп қояды. Құқығын өз еркімен бергеніне қарамастан, алаяқтарға заң алдында бәрібір жауап беруге тура келеді. Мұндай қылмыс үшін - мүлкі тәркіленіп, айыппұлдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген» - деп мәлімдеді облыс прокуратурасының басқарма бастығы Бекбала АҚЫЛБЕКОВ.

Бүгінгі таңда қылмыстардың көпшілігі банк карталарын пайдалану арқылы, қашықтан қол жеткізу жолымен жасалуда. Алаяқтар өздерін банк өкілі ретінде таныстыра отырып, карта пайдаланушысына қоңырау шалып, күмәнді операциялардың болуы мүмкін екендігін хабарлай отырып және оларды бұғаттау мақсатында, мобильді қосымшаларды орнату жөнінде немесе құпия мәліметтің хабарлама кодын сұрайды.

Сондықтан қадағалау ведомствасының өкілі азаматтарға интернет алаяқтардан сақ болуды, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауды ұсынды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: "Хабар-24"