Су тасқыны: түркістандық құтқарушылар тұрғындарды үйлерінен арқалап алып шыққан

Түркістан облысындағы су тасқыны кезінде құтқарушылар тұрғындарды үйлерінен арқалап алып шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

Су тасқыны кезінде құтқарушылардың тұрғындарды құтқару сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Бірі әжейді үй табалдырығынан көлікке дейін арқалап алып барған. Енді бірі үй ішіндегі балалар мен өзге де тұрғындардың аяғын суға тигізбей, көтеріп жүргенін көруге болады.

Ал, екінші видеода үйдің жанына тоқтаған үлкен көлікке адамдарды терезе арқылы өткізгені көрсетіледі. Еске сала кетейік, өңірдегі Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басқан еді. Тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндірді. Су тасқынына байланысты Сауранда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын тоқтатты. Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды. Тұрғындар үшін «жедел желі» іске қосылды.

Кеше Түркістан облысының су басқан аудандарын әуеден барлап шыққан Төтенше жағдайлар министрлігі ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.