Құлсарыда мектеп оқушылары арасындағы жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалды

5 ақпан күні «102» арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды AtyrauPress.
Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына жетіп, күдікті жасөспірімді анықтап, ұстады. Оқиғаға қатысқан жасөспірімдер мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді.

Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды.

Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу нәтижесі бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.