19 қазан - Құтқарушылар күніне орай аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Ерен еңбектен – ерлікке» атты салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Шара жақында ғана Қарағанды облысында өз өміріне төнген қауіпке қарамастан қызметтік міндеттерін абыроймен орындап, төтенше жағдай кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Хали Қайратты үнсіздікпен еске алудан басталды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті. Төтеннен келген түрлі қауіп пен тосыннан болған табиғи апат кезінде бірінші болып көмекке ұмтылып, тілсіз жауға қарсы тұратын бейбіт күннің батырларына алғысын білдірген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков бірқатар ержүрек азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.
- Құтқарушы мамандығы қарапайым болғанымен қоғам алдында мәртебесі жоғары. Ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп, ең басты байлық - адам өмірін түрлі апаттар мен қауіп-қатерден сақтап қалу көзсіз батырлық. Бейбіт күнде қырағылық танытып жүрген батыр азаматтарға халықтың айтар алғысы зор. Бүгінгі мереке күні абыройларыңыз асқақтай берсін, – деген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау қызметінің подполковнигі Әділ Қонқаев өрт сөндіру қызметінің ардагерлері Жеткеншек Серікбаев пен Манарбек Есімғалиевтің, қызметкер Эльмира Құмарғалиеваның өңіріне медаль тағып құрметін білдірді.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта құтқару қызметін абыроймен атқарып жүрген бір топ қызметкерлерді Алғыс хатпен марапаттады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ