Қамысқала қырындағы ахуал: жылқы шығынына қатысты ресми ақпарат шықты

Исатай ауданы Қамысқала ауылдық округіне қарасты қырлықта қаңтар айының ортасынан бері жылқы малының қырылу фактілері тіркеліп отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Аудан басшылығының ресми ақпаратына сәйкес, аталған жағдай жұқпалы аурумен байланысты емес. Эпизоотиялық ахуал тұрақты, аса қауіпті аурулар тіркелмеген. Мал шығынының негізгі себебі – ауа райының күрт өзгеруі мен мұздақтың түсуі салдарынан жайылымға шығудың қиындауы.

2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Қамысқала ауылдық округінде 6 774 бас жылқы тіркелген. Қаңтар айында шаруагерлер тарапынан жиналған бейресми деректерге сәйкес, мұздақ салдарынан 50 бастан астам жылқы өлген. Алайда бұл деректер учаскелік ветеринар мамандарымен актіленбегендіктен, ресми есепке алынбаған.

Аудан әкімдігі қысқы кезеңге дайындық жүргізілгенін мәлімдейді. 2025–2026 жылғы қыста малды аман алып шығу үшін аудан бойынша 80,5 мың тонна мал азығы дайындалған. Оның ішінде 70,5 мың тоннасы өткен жылы әзірленсе, 10 мың тоннасы алдыңғы жылдан қалған қор есебінен қамтамасыз етілген. Дегенмен қырдағы мұздақ жағдайы кейбір шаруашылықтардың қолындағы жем-шөп қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.

Қазіргі таңда аудан басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қарастырылуда. Өндірістік кәсіпорындардың арнайы техникалары арқылы мал азығын тасымалдау, шөп сатып алуды орталықтандыру және жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында жұмыстар жоспарланған. Сонымен қатар ветеринар мамандар профилактикалық және емдік шараларды жалғастыруда.

Аудан әкімдігі алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін мал азығын резервте сақтайтын арнайы ангарлар салу, сондай-ақ коммуналдық меншікке жем-шөп тасымалдауға арналған жүк көлігін сатып алу мәселесін де қарастырып отыр.

Айта кетейік, қазіргі уақытта бір орам шөптің бағасы өңірге қарай 9 мыңнан 13 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Бұл да қыста мал ұстаған шаруаларға қосымша салмақ түсіруде.